Тергеу нұсқасына сүйенсек, бала қатысқан бейнероликтер, жан тебірентерлік жазбалар мен Instagram және Facebook арқылы жүргізілген қарқынды жарнама ел азаматтарының жүрегін елжіреткен.
Қоғамның аяушылық сезімін пайдаланған ерлі-зайыптылар 1,3 миллиард теңгеден астам қайырымдылық қаражат жинаған. Алайда баланың еміне соның небәрі 6,4 миллион теңгесі ғана жұмсалған. Қалған қаржыны олар жеке мақсаттарына жұмсап, Елордадан 3 пәтер, жер телімі мен 5 көлік сатып алған. Бұдан бөлек, букмекерлік кеңселерге де ақша салған, — делінген ҚМА хабарламасында.
Жүйелі түрде қайырымдылық түсіп тұруы үшін ерлі-зайыптылар 481 миллион теңгеден астам соманы әлеуметтік желідегі парақшаны жарнамалауға бағыттаған. Бұл оларға аудиторияны кеңейтіп, ақша жинау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берген.
Тіпті олар Түркиядағы LIV Hospital клиникасында 84 млн теңге тұратын ота жасалатынын айтып, соны желеу еткен. Қажетті қаржы толық жиналса да, шетелде ешқандай ем жасалмаған.
Қоғамның сенімін күшейту үшін олар Instagram парақшасында шетелге ұшып бара жатқандай етіп түсірілген бейнеролик жариялап, ота сәтті өткенін хабарлаған.
Қылмыстық іс қозғалғанын білген соң, олар тәркілеуден сақтану үшін жер телімін үшінші тұлғаның атына ауыстырған. Алайда тергеу бұл мәміленің жалған екенін дәлелдеді.
Соттың санкциясымен заңсыз жолмен алынған барлық мүлікке тыйым салынды. Қазіргі таңда күдіктілер үйқамақта отыр. Қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.