Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, Ернар Жиенбай мен жәбірленуші Берденов арасындағы араздықтың түп-төркіні – жұмыс барысындағы келіспеушіліктер.
«21 сәуір күні Шымкент қалалық құрылыс басқармасындағы құрылыс нысандарын бақылау бөлімінің басшысы Аманғали Кенжебаев Жиенбайға телефон шалып, Берденов "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС басшысы қызметінен өз еркімен кету туралы арыз жазуын талап еткенін жеткізеді», – деді сотта прокурор.
Телефон арқылы осыны естігеннен кейін, Ернар Жиенбай дүкеннен ішімдік алып, оны көлігінде ішкен. Тергеу мәліметінше, ол үйінен «Сайга-12» маркалы аңшы мылтығын алып, әйелінің көлігімен біраз уақыт бойы қаланы кезіп жүрген.
Кешкісін Жиенбай қала әкімдігі ғимараты маңында Берденовті аңдып жүріп, оған бес рет оқ атқан.
Айыптау актісінде жазылғандай, оққа ұшқан әкім орынбасары жерге құлаған соң, Жиенбай жақындап келіп, мылтықпен бақылау үшін соңғы рет атпақ болған. Бірақ жараланған Берденов қарсылық көрсетіп үлгерген. Осы сәтте әкім орынбасарының жүргізушісі араласып, Жиенбайды көлікпен соғып, оның қолындағы қаруын түсіріп жіберген.
Бұған дейін кейбір ақпарат құралдарында шабуылдың себебі ретінде махаббатқа байланысты қызғаныш деген нұсқа тараған. Алайда бұл болжам көп ұзамай теріске шығарылды.