Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Ұлттық банк төрағасы теңге бағамының неге әлсіреп жатқанын түсіндірді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамы төңірегіндегі сұрақтарға Facebook парақшасында жауап берді. Ол Қазақстан 2015 жылдан бері инфляциялық таргеттеуге және еркін өзгермелі айырбастау бағамына көшкенін еске салды.

Ұлттық банк төрағасы теңге бағамының неге әлсіреп жатқанын түсіндірді
Фото: әлеуметтік желіден,

Осыған байланысты теңге бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады. Яғни ол ел ішіндегі және сыртқы экономикалық үрдістерді, нарықтық өзгерістерді бейнелейді. Бұрын бағам мемлекет тарапынан белгіленіп келгенде, оның соңы бір сәтте күрт девальвацияға алып келетін.

Неліктен қазір теңгеге қысым күшейді?

Сүлейменовтың айтуынша, соңғы уақытта экономикаға құйылып жатқан фискалдық қаражат көлемі едәуір артқан. Соның салдарынан ақша массасы бір жыл ішінде 18%-ға көбейген. Бірақ ішкі өндіріс пен ЖІӨ бұл қарқынға ілесе алмай отыр. Ақша айналымы өсіп, өндіріс баяу жүрген жағдайда импортқа тәуелділік артады.

«Биыл инфрақұрылым мен әлеуметтік жобаларға қомақты қаржы қаралған. Бұл – ірі келісімшарттар жасалып, шетелдік техника мен құрал-жабдықтарды сатып алу деген сөз. Сәйкесінше, шетел валютасына сұраныс артып, теңге бағамына қысым түсіп жатыр», – деді ол.

Сүлейменов алдағы уақытта ішкі өндіріс өсіп, ақша массасына сәйкестенетініне сенімді. Бірақ ол үшін уақыт қажет екенін айтты.

Теңге бағамына әсер ететін негізгі үш фактор

ҰБ төрағасы ұлттық валюта бағамына ықпал ететін себептерді үш топқа бөліп көрсетті:

Негізгі (фундаменталды) факторлар – мұнай мен басқа да экспорттық тауарлар бағасы, сауда әріптестеріміздің валюталарының құбылуы, әлемдік нарықтағы жағдай және басқа макроэкономикалық көрсеткіштер.

Нарықтық факторлар – бизнес, халық және мемлекет тарапынан шетел валютасына деген сұраныс пен ұсыныс; импорт көлемі; маусымдық өзгерістер (мысалы, туристік белсенділік, дивиденд төлемдері).

Спекулятивті факторлар – шынайы экономикалық қажеттілікке емес, валюта бағамының қысқа мерзімді құбылуынан пайда табуды көздейтін алыпсатарлық әрекеттер. Мұндай жағдайлар нарықтағы тұрақсыздықты күшейтуі мүмкін.

«Қазір қандай факторлар басым?»

«Қазіргі жағдайда негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге сүйенсек, теңгенің бағамы шын мәнінде төмен бағаланып отыр. Алыпсатарлық белсенділік байқалмайды – жағдай тұрақты және бақылауда. Теңгеге қысым түсіріп тұрған – бюджет қаржысының жедел игерілуі, импорттың көбеюі мен маусымдық факторлар», – деді Сүлейменов.

Ұлттық қордың резервтері туралы

Төраға интервенция жасау мәселесіне де тоқталды:

«Егер бағам алыпсатарлық әсерден құбылса, онда интервенция жасау – орынды. Бірақ бағамның өзгерісі шынайы экономикалық себептерге негізделсе, интервенция керісінше зиян келтіруі мүмкін. Ұлттық қор резервтерін тиімді әрі жауапты түрде пайдалануымыз керек», – деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі таңда елдің халықаралық резерві 52,2 миллиард долларды құрайды. Бұл – спекулятивтік өзгерістерге қарсы тұруға жеткілікті қор.

Алайда желі қолданушылары мен кей сарапшылар бұл түсіндіруді қабылдай қойған жоқ. Ұлттық банк пен Үкіметтің әрекетін сынға алған пікірлер көп болды.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату