Сарапшылар мұны «кері храповик тетігі», яғни бағалардың валютаның қозғалысына асимметриялы реакциясы деп атайды. Теңге әлсірегенде бағалар тез өседі, ал нығайғанда — төмендемейді. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қатаң ақша-несие саясаты инвесторлардың сенімін арттырғанын айтқанымен, доллардың 500 теңгеге дейін арзандауы бағаға неге әсер етпегенін түсіндіре алмады.
Экономистердің айтуынша, тауарлардың едәуір бөлігі доллармен бағаланады, ал валюта арзандаса да, өндірушілер мен импорттаушылардың шығындары төмендемейді: логистика, жалақы, жалдау ақысы, сатып алу бағасы — бәрі өсіп кеткен. Сол себепті кәсіпкерлер айырманы жабу үшін ең алдымен тауар құнын көтереді.
Бұған қоса, 2023–2024 жылдары теңге бірнеше ай бойы нығайғанда да бағалар сол күйі қалған. Сарапшылар мұны теңгенің қозғалысына бағаның әлсіз реакциясы деп түсіндіреді: ұлттық валюта күшейгенімен, инфляция баяулайды, бірақ баға түспейді. Курс ұзақ уақыт бойы мықты болса ғана оның әсері байқалуы мүмкін.
«Доллардың тым арзандауына жол берілмейді» — сарапшылар пікірі
Қаржы сарапшысы Айдархан Құсайыновтың айтуынша, доллардың «оңтайлы» бағамын нақты атау қиын. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жақын уақытта өзгертпеуді жоспарлап отыр, яғни реттеуші доллардың тым құнсыздануына жол бермейді.
Сарапшы Қазақстан экономикасында теңгені айтарлықтай қолдайтын ресурс аз екенін айтады. Ел экспорты доллармен бағаланатын шикізатқа тәуелді, сондықтан теңгенің шамадан тыс нығаюы тиімсіз.
Оның болжамынша, 2026 жылы теңгеге қысым түсіретін факторлар бар: мұнай бағасының төмендеуі және геосаяси тәуекелдер. Осыған байланысты келесі жылдың көктемінде доллар бағамы 530 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Ал Жаңа жылға дейін 500–510 теңге аралығындағы дәліз сақталып, кейін 520 теңге деңгейінде тұрақтауы ықтимал.
Бағаның өспеуінің тағы бір себебі — импортқа толық тәуелділік
Сарапшы Арман Бейсембаевтың сөзінше, «Қазақстанда жасалған» тауардың өзі импортқа байланған:
– теледидардың микрочиптері Қытайдан;
– дәрі-дәрмек субстанциялары Үндістаннан;
– косметика мен химия өнімдерінің шикізаты да шетелден келеді.
Импорт құрылымында химия және каучук — 19%, ал азық-түлік пен ауыл шаруашылығы шикізаты — 13%. Бұл доллар құнсызданса да, тауар бағасының төмендемеуінің басты себептерінің бірі.
Сонымен қатар инфляциялық инерция бар: кәсіпкерлер тәуекелден қорқып, теңге уақытша нығайса да, бағаны төмендетуге асықпайды.
Мысалы, қазір iPhone 17 орташа есеппен 525 мың теңге тұрады. Бұл баға тек доллардың өзіне емес, кедендік төлемдер, ҚҚС және жеткізу шығындарына да тәуелді.