Ол бұрынғы қызметіне қайта тағайындауды, мәжбүрлі түрде жұмыссыз жүрген уақыты үшін жалақыны өндіріп беруді және моральдық зиян үшін өтемақы төлеуді талап етті. Айтуынша, ол қоймада оператор болып жұмыс істеген. Қалалық соттың мәліметінше, 2023 жылдың қазан айында жұмыс беруші оның еңбек тәртібін бұзғаны туралы акт толтырған. Себеп — дәлелді себепсіз таңғы сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін жұмыс орнында болмауы. Осыдан соң еңбек шарты бұзылғаны туралы хабар берілген.
«Сотта анықталғандай, жолда келе жатып автокөлігінің дөңгелегі жарылып, ол тоқтап тұрған басқа көлікпен соқтығысқан. Бұл жағдай туралы ол бірден тікелей басшыларына хабарлаған. Ұсынылған скриншоттардан екі тікелей жетекшісімен сөйлесіп, неге кешіккенін түсіндіргені көрінеді. Оның бірі сотта С-ның жұмысын жақсы бағалап, оны жауапкершілігі мол қызметкер ретінде сипаттады», — делінген сот хабарламасында.
Ал жауапкер еңбек шартын заңды түрде бұздық деп, талапты қанағаттандырмауды сұраған.
Сот куәлардың сөзін, талапкердің түсініктемесін, жазбаша хат алмасу мен көліктің фотосын назарға алып, азаматтың кешігу себебі орынды болғанын және бұл жағдай өндіріс процесіне кері әсер етпегенін анықтады. Жұмыс беруші де зиян шекпеген.
Нәтижесінде, сот талапты ішінара қанағаттандырды: азаматты бұрынғы қызметіне қайта тағайындауға, 1,4 млн теңге көлемінде жалақыны және 500 мың теңге моральдық өтемақыны өндіріп беруге шешім шығарды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.