Мемлекеттік айыптаушы Арман Қызыкен олардың қылмыстық жолмен тапқан мүлкін тәркілеп, нақты мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Прокуратура өкілінің айтуынша, Перизат Қайрат 10 жыл, ал анасы Ғайни Алашбаева 8 жыл түрмеде отыруы тиіс.
Сондай-ақ айыптау тарапы алаяқтық жолмен алынған қаржыға сатып алынған мүлікті тәркілеуді және сол қаражатты жәбірленушілерге қайтаруды талап етті.
Айыпталушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылған:
- 190-бап, 4-бөлім, 2-тармақ — аса ірі көлемде жасалған алаяқтық;
- 218-бап, 2-бөлім, 1-тармақ — қылмыстық жолмен алынған ақшаны топ болып заңдастыру;
- 218-бап, 3-бөлім, 3-тармақ — аса ірі мөлшердегі заңсыз кірісті жылыстату.
Бұған дейін соттағы пікірталас кезінде мемлекеттік айыптаушы Мадина Оразалина бұл істің әлеуметтік жағынан сезімтал тақырыпты жеке пайдасына пайдаланғандарға сабақ болуы керек екенін айтқан.
Еске салсақ, бұған дейінгі материалымызда «Asar-Ume» қоры Перизатқа 200 млн теңге аударғанын, Kaspi де Перизат Қайраттың өтінішімен қорына 620 млн теңге аударғанын, бухгалтермен жазысқан хаттары туралы және қор ақшасын қолма-қол ақшаға қалай айналдырғаны туралы жазған болатынбыз.
Жалпы, қор арқылы ақша аударған 47 адам жәбірленуші деп танылды.