Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Киік еті қауіпсіз бе?

Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ақбөкен етін тұтыну кезінде жұқтыру қаупі туралы жарияланымдарға байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеме жасады.

Киік еті қауіпсіз бе?
Фото: Ауыл шаруашылығ минстрлігі

Қазақстанда ақбөкендердің санын реттеу шараларын «Охотзоопром» РМК мамандары жүзеге асырып жатыр. Ауланған жануарлардың еті рефрижераторларға салынып, арнайы сою пункттеріне жеткізіледі.

Жануарлар арасында аса қауіпті індеттердің (аусыл, бруцеллез, пастереллез, сібір жарасы, ұсақ күйіс қайыратын жануарлар обасы және т.б.) таралуына жол бермеу үшін барлық ақбөкен популяциясы тұрақты түрде эпизоотиялық бақылауға алынады. Бұл жұмыстарды Ұлттық ветеринария референттік орталығы жүргізеді.

Сондай-ақ, ақбөкендермен бір жайылым мен суаттарды пайдаланатын ауыл шаруашылығы жануарлары да тұрақты ветеринариялық мониторингтен өтеді.

Ақбөкенді сою мен биологиялық қалдықтарды жоюға қатысты талаптар бекітілген. 2023 жылғы 27 қарашада ҚР СТ «Сайғақ еті бұқтырылған. Техникалық шарттар» және «Сайғақ еті – тұтас және жартылай ұшалар. Жалпы техникалық шарттар» ұлттық стандарттары қабылданды.

Қазіргі таңда ақбөкендерді реттеу жұмыстарына алты облыстағы 24 сою бекеті тартылған. Барлық нысандарда арнайы бөлмелер, тоңазытқыш камералар, ұшаларды ілуге арналған құрылғылар мен сумен қамту жүйелері бар. Яғни, олар ветеринариялық-санитариялық талаптарға толық сай келеді.

Ұшалар сою бекеттеріне жеткізілген соң, ветеринар мамандардың бақылауымен сараптамадан өтеді. Бұл кезеңде міндетті зерттеулер жүргізіледі:

  • ұшаның, ішкі ағзалар мен бастың органолептикалық тексерісі;
  • лимфа түйіндерін жарып, ішкі ағзаларды тіліп қарау;
  • қайнату сынамасы;
  • финноз (цистицеркоз) дертіне тексеру;
  • радиациялық фонды өлшеу.

Егер ұша ветеринариялық талаптарға толық сәйкес келсе, ет әрі қарай өңдеуге жіберіледі. Қалған қалдықтар қауіпсіз түрде жойылады.

Ақбөкен етінің әр партиясы ветеринариялық анықтамамен бірге жүреді. Бұл құжат өнімнің шыққан жері мен қауіпсіздігін растайды.

Заң бойынша, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз өткізуге тыйым салынған. Осыған байланысты, ішкі сауда орындарында ветеринариялық инспекторлар күн сайын тексеріс жүргізіп отырады. Олар:

  • өнімге берілген ветеринариялық анықтаманы;
  • сою орнының арнайы таңбасын;
  • тасымалдау кезіндегі температуралық режимді;
  • зертханалық тексеріс нәтижелерін бақылайды.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті тұтынушыларға ақбөкен етін тек ресми бекітілген орындардан, ветеринариялық құжаттары бар өнімдер қатарынан таңдауға кеңес береді. Бұл – денсаулық пен қауіпсіздіктің басты кепілі.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату