Кеше қаланың бір жабық базары әлеуметтік желіде мұздатылған тұтас киік етін сататыны туралы хабарландыру жариялаған. Таңертеңнен бастап сөренің алдында ұзын-сонар кезек пайда болды. Ет тек тұтас күйінде сатылады, бөлшектеп берілмейді. Бір киіктің орташа бағасы – шамамен 30 мың теңге.
Сатушы Мира Қайырованың айтуынша, өнім аптасына бір рет Оралдан тоңазытқыш көлікпен жеткізіледі.
– Сиыр еті екі есе қымбат болғандықтан, бұл ет халыққа қолжетімді. Экологиялық таза, барлық тексеруден өткен, – дейді ол.
Оның сөзінше, барлық құжаттары заңды, сатуға ресми рұқсат бар. Дегенмен, тексерушілер жиі келеді. Бүгін де экономикалық тергеу департаментінің мамандары келген.
Етті бөлшектеп турап беру – 1000 теңге. Сатып алушылардың айтуынша, қымбаттаған сиыр етіне қарағанда киік еті арзан әрі тиімді балама.
– Тұтас ет маған көп, біреумен бірігіп алмақпын. Сиыр еті қазір өте қымбат, әсіресе зейнеткерлерге. Ал ет жегіміз келеді, – дейді бір тұрғын.
Кейбіреулер етті алғаш рет алып, шашлык пен қуырдаққа пісіріп көруді жоспарлап отыр. Сатушылардың сөзінше, киік етіне сұраныс күн сайын артып келеді: бұрын қызық үшін алса, қазір қымбат сиыр етінің орнына тұрақты түрде таңдаушылар көбейген.
Айта кетейік, Ақтөбеде киік етін сату әрекеті алғаш рет екі жыл бұрын жасалған, бірақ құжаттың болмауынан өнім саудаға шықпаған. Биыл маусымда Экология министрі киік етін бөлшек саудаға шығару жоспарын жариялаған болатын. Министрдің айтуынша, 13 кәсіпорын тәулігіне 3,7 мың бас киікті қабылдауға дайын.