2 желтоқсанға қараған түні Алматы — Бішкек автожолында ірі жол апаты болып, жеті адам ажал құшты. Honda Odissei көлігі жүк көлігі HOWO-ның тіркемесіне соғылып, жеңіл автокөліктегі барлық жолаушы оқиға орнында көз жұмды.
Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс тіркелгенін, апаттың мән-жайы тергеліп жатқанын хабарлады.
Жол-көлік оқиғасынан кейін белгілі болғандай, қаза тапқандардың ішінде Қазақстандағы спорт қауымдастығы үшін үлкен орны бар спортшылар мен ардагерлер болған. Бұл ақпаратты Ұлттық сурдлимпиялық комитеттің вице-президенті, Қазақстанның жол қауіпсіздігі қауымдастығының президенті Арсен Шакуов әлеуметтік желідегі парақшасында растады.
Оның айтуынша, марқұмдар Бішкектен қайтып келе жатқан. Онда футбол ардагерлері арасында турнир өткен.
Қаза тапқандардың қатарында:
▪️ Асыл Ибраимов — есту қабілеті шектеулі спортшылар арасында футбол жаттықтырушысы;
▪️ Дмитрий Мочальский — сурдлимпиялық чемпион, Еуропа чемпионы (шахмат);
▪️ Сәкен Смағұлов, Сергей Волковинский, Серік Молдашев — есту қабілеті шектеулі спортшылар футбол ардагерлері, ұлттық құрама мүшелері.
«Олардың бәрін бала кезімнен танимын. Әкемнің ең жақын достары еді. Арттарында бала-шағасы, немерелері қалды... Жандары жәннатта болсын», — деп жазды Шакуов.
Қайғылы жағдайға байланысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.