Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Экс-дипломат Сәкен Мамашқа сот үкімі шықты

Астанада экс-дипломат, бұрынғы жұбайын азаптады деп айыпталған Сәкен Мамашқа қатысты сот үкімі жарияланды.

Экс-дипломат Сәкен Мамашқа сот үкімі шықты

Сот Мамашты орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде алты жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар ол «бірінші санатты кеңесші» дипломатиялық дәрежесінен айырылды.

Сәкен Мамаш ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігі — «Азаптау» бойынша айыпты деп танылды. Бұл бап 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.

Судья Артур Абдыханов үкімді жариялай отырып, былай деді:

«Мемлекеттік қызметші ретінде ант қабылдаған Мамаш 2019 жылдан 2024 жылға дейін — алдымен Астанада, кейін БАӘ-де, Абу-Дабиде жүрген кезінде бұрынғы жұбайына жүйелі түрде дене күші қолданған. Қызғаныштан туған жанжалдар кезінде әйелінің түрлі дене бөліктері мен басына бірнеше рет жұдырық жұмсап, жарақат салған. Кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің, сараптама қорытындыларының, видео мен скриншоттар сияқты материалдардың негізінде дәлелденді».

Сәкен Мамашқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы 2025 жылғы 10 маусымда басталды. Процесс жәбірленуші – экс-жұбайы Карина Мамаштың өтінішімен жартылай жабық түрде өтті.

Адвокаты Мамашты қамаудан босатуды сұрағанымен, сот бұлтартпау шарасын өзгертпеді. Сот отырысында ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдың мән-жайы да айтылды.

Еске салайық, 2024 жылдың мамырында НеМолчи.kz қоры Сәкен Мамаштың жұбайына жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрсетіп жүргенін хабарлаған болатын. Ол кезде Мамаш — БАӘ-дегі Қазақстан елшілігінің кеңесшісі қызметін атқарған. Бұл ақпараттан кейін ҚР Сыртқы істер министрлігі дипломатты елге шұғыл қайтарғанын мәлімдеді.

Кейін оның жұбайы да Дубайдан елге жеткізілді. Алайда әуежайда оны күйеуінің туыстары қарсы алғаны белгілі болды.

2024 жылдың 28 маусымында Астананың мамандандырылған әкімшілік соты Сәкен Мамашты бұрынғы жұбайына «қасақана жеңіл дене жарақатын келтірді» деп танып, 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарған.

2025 жылдың көктемінде экс-дипломатқа қатысты қылмыстық іс аясында ол қайтадан қамауға алынғаны хабарланған.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату