Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың хабарлауынша, тәрбиеші биыл қаңтар-ақпан айларында бірнеше рет балаға күш көрсеткен: итерген, шашынан тартқан, ұрған. Бұл әрекеттердің барлығы бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрлардан баланың ауырсынғаннан жылап отырғаны көрінеді.
Оған ҚР ҚК-нің 140-бабының 2-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұл бап айыппұл, түзету немесе қоғамдық жұмыстар, сондай-ақ 3 жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаларды қарастырады.
«Сотталушының кінәсі куәгерлердің жауабымен, сараптама қорытындысымен, бейнежазбалар мен өзге де дәлелдермен расталды», — деп хабарлады сот өкілдері.
Прокуратура тәрбиешіге 80 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындап, болашақта балалармен жұмыс істеуіне тыйым салуды сұрады.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жазаны жеңілдетуді өтінді. Жәбірленуші тарап қатаң жаза мен моральдық өтемақы талап етті.
Сот жеңілдететін жағдай ретінде сотталушының асырауында баласы барын, бұрын заңбұзушылыққа жол бермегенін ескерді. Ауырлататын жайттар анықталған жоқ.
«Сот үкімімен Т. Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 80 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Алайда ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты 2025 жылғы 23 маусымдағы амнистия туралы заңға сәйкес, Т. бұл жазадан босатылды», — деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ сот баланың ата-анасының моральдық өтемақы өндіру туралы талап-арызының бір бөлігін қанағаттандырды.