Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай қанша адамға амнистия жасалады?

Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына арналған рақымшылық шарасы 15 мың адамды қамтиды. Олардың ішінде 6 мыңы – қамауда, ал 9 мыңы – пробациялық бақылауда. Бұл туралы Мәжілістегі заң жобасын бірінші оқылымда талқылау барысында депутат Абзал Құспан мәлімдеді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай қанша адамға амнистия жасалады?
Фото: мозырь news

Рақымшылықпен 4 мыңға жуық адам толық босатылады. Оның ішінде 632 адам – қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен, ал 3500 адам – пробация қызметінде тіркеуде тұрғандар.

Сонымен қатар, жазаның өтелмеген бөлігін кезең-кезеңімен қысқарту көзделген. Бұл бостандықтағы 5500 адамға, сондай-ақ түрмеде отырған 5400-ге жуық сотталғанға қатысты қолданылады. Яғни жалпы 11 мың адам үшін жаза мерзімі қысқартылады.

Рақымшылық әлеуметтік жағынан осал 629 азаматты да қамтиды. Олардың 57-сі толық босатылады, ал қалғандарының жаза мерзімі азайтылады. Заң жобасы 833 әйелге де қатысты, оның ішінде 109 әйелді босату жоспарланып отыр.

Ішкі істер министрінің орынбасары Абай Қайырбековтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстандағы түзеу мекемелерінде 75 бала (70 ұл, 5 қыз) бар. Рақымшылық аясында төрт кәмелетке толмаған сотталғанның да жаза мерзімі қысқартылмақ.

Депутат Абзал Құспан бұл заң аса ауыр қылмыс жасағандарға қолданылмайтынын атап өтті. Әрбір іс бойынша ақырғы шешімді сот шығарады. Оның айтуынша, рақымшылық мемлекет шығындарын оңтайландырып, түрме жағдайын жақсартуға да септігін тигізеді – өйткені жүктеме азаяды.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату