Бұл маңызды бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Салтанатты ашылу рәсіміне Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Антонелло Де Риу, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, оқу ордасының профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Іс-шарада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, филиалдың ашылуы екі елдің жоғары оқу орындарының тарихында ерекше орын алатынын айтты.
«Жетісу облысында бүгінгі таңда «Агрономия» және «Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары» бағыттары бойынша қос дипломдық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда жылыжай кешендеріне білікті агрономдар мен цифрлық технологияларды меңгерген мамандар аса қажет. Осы тұрғыда іске қосылған филиал сол қажеттілікті өтеуге жасалған нақты қадам», – деді министр.
Жетісу облысы аграрлық өңір болғандықтан, филиалда ауыл шаруашылығы, тағам инжерениясы, туризм, экономика және цифрлық технологиялар бойынша білім беру бағдарламалары іске қосылады. Бұған қосымша аталған филиал алдағы уақытта Жетісу облысын кәсіби кадрлармен қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді.
Шара барысында облыс басшысы Бейбіт Исабаев:
«Біздің өңір – аграрлы аймақ. Сондықтан бізге ауыл шаруашылығына жаңа инновациялар мен озық технологияларды енгізетін білікті мамандар қажет. Осы мақсатта облыс әкімдігі алғашқы кезеңде 14 студентке арнайы грант бөлді. Марке политехникалық университетінің басшылығы мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне осы маңызды жобаны қолдағандары үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді.
Өз кезегінде Италияның Қазақстандағы Елшісі Антонелло Де Риу бұл жобаның Қазақстан мен Италия арасындағы ғылым мен жоғары білім саласындағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп, тың серпін беретінін атап өтті.
«Жетісу университетімен әріптестік орнату – Италияның халықаралық стратегиясының маңызды бөлігі. Біз білім беру мен ғылыми зерттеу саласында бірлескен жобаларды іске асырып, тәжірибе алмасу арқылы екі университеттің де әлеуетін арттырамыз. Бұл филиалдың ашылуы – тек жаңа мүмкіндіктердің бастауы ғана емес, Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудың нақты қадамы», – деді елші.
Айта кетейік, филиалда академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Марке политехникалық университетінің ғалымдары мен профессорлары дәріс береді. Сондай-ақ мұнда білім алатын студенттер бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады. Оқуын сәтті аяқтаған түлектерге екі жоғары оқу орнының дипломы беріледі.