Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Бір айда екінші рет: Ресейде тағы бір Қазақстан тумасы мемлекеттік опасыздық үшін сотталды

Ресейде туған жері Қазақстан болып табылатын 47 жастағы Петр Горбуновқа үкім шықты. Ол — осы айда мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен сотталған екінші қазақстандық. Бұл туралы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлаймыз.

Бір айда екінші рет: Ресейде тағы бір Қазақстан тумасы мемлекеттік опасыздық үшін сотталды
Ыото: envanto

Ресей азаматы Горбуновқа Ресей Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылды:

275-бап – «Мемлекеттік опасыздық»,

205.5-баптың 2-бөлімі – «Террористік ұйымның қызметіне қатысу»,

222.1-баптың 4-бөлімі – «Жарылғыш заттар мен құрылғыларды заңсыз сатып алу, сақтау және тарату».

Тергеу нұсқасы бойынша, Горбунов өзін террористік ұйым деп сипатталған топпен байланыс орнатқан. Солардың тапсырмасымен орманнан жарылғыш затты алып, оны үйінде сақтаған және кейін ұйым мүшелеріне тапсыруға тиіс болған.

ФСБ-ның Белгород облысы бойынша басқармасы таратқан мәліметке сүйенсек, екінші Батыс округтік әскери соты оны барлық баптар бойынша кінәлі деп тауып, 17 жылға бас бостандығынан айыру және 600 мың рубль айыппұл төлеу жазасын тағайындаған.

Аталған террористік ұйымның нақты атауы жарияланған жоқ. Алайда маусым айында тағы бір Қазақстан азаматы — Туран Устюгов — «Азов» бригадасы мен «Орыс еріктілер корпусы» сияқты украиндық құрылымдармен жазысқан хаттар үшін Ресейде террористік баптармен сотталған еді.

Ресейдің террористер мен экстремистер тізіміндегі дерекке сәйкес, Пётр Горбунов 1977 жылдың 11 шілдесінде Ақмола облысы, Шортанды кентінде дүниеге келген. Ол бұл тізімге 2025 жылғы 13 ақпанда енгізілген.

Осылайша, Горбунов — бір айдың ішінде Ресейде мемлекетке опасыздық жасады деп сотталған екінші Қазақстан тумасы. Бұған дейін маусым айының соңында дәл осы сот Теміртау қаласында туған Надежда Россинскаяны (Надин Гейслер) 22 жылға бас бостандығынан айырған еді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату