Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Семейде жас геологтардың II Республикалық далалық олимпиадасы басталды

Бүгін Семей қаласындағы КГКП «Геологиялық барлау колледжінің» базасында жас геологтардың II Республикалық далалық олимпиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті,- деп хабарлайды newsroom.kz

Семейде жас геологтардың II Республикалық далалық олимпиадасы басталды

Бұл ауқымды шара еліміздің түкпір-түкпірінен келген геологияға қызығушылығы бар, табиғи ортада өз білімін сынауға ұмтылған оқушыларды біріктірді.

Олимпиадаға Қазақстанның әр өңірінен келген 16 команда қатысуда. Бір апта бойы жас геологтар палеонтология, минералогия, петрография, гидрогеология, пайдалы қазбалар геологиясы, мұнай мен газды іздеу, геологиялық қима, магнитометрия, шлихті сынау және геологиялық маршрут секілді бағыттар бойынша білімдерін сарапқа салады.

Далалық формат қатысушыларға теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді — олар табиғи ортада үлгілермен жұмыс істеп, жер бедерін бағдарлай отырып геологиялық маршруттар құрып, материалдар жинап, талдау жүргізеді.

Олимпиаданың басты ерекшелігі — тәжірибелік тапсырмаларға баса мән берілуі. Атап айтқанда: далалық лагерь ұйымдастыру, нақты геологиялық учаскелерде жұмыс жүргізу, қималар салу және тікелей бақылау жүргізу. Бұл — жай ғана сайыс емес, бұл — геология мамандығына шынайы кәсіби бейімделу алаңы.

Олимпиаданың финалдық күні — 15 шілде. Қорытынды бойынша үздік командалар мен қатысушылар марапатталады. Жеке дара озып шыққан оқушыларға еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарына оқу гранттары ұсынылады.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің қолдауымен ұйымдастырылған Олимпиаданы, сондай-ақ саланың жетекші кәсіпорындарының қолдауымен жүзеге асырылды. Бас демеушілер қатарында: Kazakhmys, ERG, Kazzinc, Yer-Tai, Геокен, «Алел» қаржы-инвестициялық корпорациясы» АҚ, «Эмбамунайгаз» АҚ, ProLabSupport ЖШС және Solidcore Resources компаниялары бар.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату