Қазіргі таңда Алматы қаласы тек мәдени, экономикалық немесе іскерлік орталық қана емес, сонымен қатар құқықтық мемлекет қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырып жатқан үлгілі мегаполиске айналды.
Қалада заңның үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, кез келген құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» саясатын енгізу мақсатында нақты әрі жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы бір арнаға тоғысып, «Қауіпсіз қоғам», «Заң және тәртіп» сынды кешенді жобалар арқылы іске асып келеді.
Өз кезегінде Алматы қалалық полиция департаментінің учаскелік инспекторы Нұржан Әлиев: «Біз қазір халықпен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Бұрын тұрғындар полицияға сенбейтін, енді бізге бірінші болып өздері хабарласады. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік. Әр арыз бен өтінішке бейжай қарауға болмайды. Әсіресе жастар арасында заңға құрмет қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Біз тек жазалап қана қоймаймыз, түсіндіреміз, көмектесеміз. Бүгінде Алматыда заң үстемдігіне негізделген шынайы құқықтық орта қалыптасып келеді» дейді.
Алматы қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті сақтау күн тәртібінен түспейтін басты мәселелердің бірі. Қалалық полиция департаменті мен арнайы органдардың үйлесімді жұмысы нәтижесінде түрлі профилактикалық шаралар қолға алынып, қылмыстың алдын алу мен тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында оң өзгерістер орын алуда. Қаланың барлық аудандарында бейнебақылау жүйелерінің кеңінен орнатылуы, полиция қызметінің ашықтығы, учаскелік инспекторлардың халықпен тығыз жұмыс жүргізуі – бұл бағыттағы ілгерілеудің айқын көрінісі.
Бүгінде қоғамда «нөлдік төзімділік» қағидатына баса назар аударылуда. Бұл дегеніміз – ұсақ құқықбұзушылықтарға да көз жұма қарамау, тәртіпсіздікке тосқауыл қою, заң алдындағы жауапкершілікті арттыру. Құқық бұзушыны кешіре беру – қоғамдық қауіпсіздікті әлсіретеді. Сондықтан Алматыда бұл саясат нақты іс жүзінде жүзеге асып, тәртіп бұзуға бейім мінез-құлықтың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр.
Зейнеткер Айгүл Қалиқызының Алматыда тұрып жатқанына отыз жылдан асыпты.
«Бұрын мұндай ашықтық болмаған. Қазір полицияға, әкімдікке барсаң, адам сияқты сөйлеседі, тыңдайды. Қазір жастар тәртіпке бейім, көшеде түнде жүруден қорықпайсың. Біз сияқты үлкен кісілер үшін бұл – нағыз тыныштық пен сенімділіктің белгісі. Заң бар жерде әділдік болады, ал әділдік бар жерде – тұрақтылық» дейді ол.
Құқық қорғау органдарының халықпен диалогқа ашық болуы да үлкен рөл атқарады. Соңғы жылдары полиция мен қоғам арасында сенім артып келеді. Бұл бағытта «Қоғаммен бірге – қауіпсіз қала», «Учаске» бағдарламасы, «Халықпен кері байланыс» платформалары, онлайн қабылдаулар тиімді нәтиже беріп отыр. Қала тұрғындары құқық қорғау органдарына өз мәселесімен тікелей жүгініп, дер кезінде көмек ала алатынына сенімді бола бастады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – тағы бір маңызды міндет. Алматыда бұл бағытта оқу орындарында «Парасат жолы» бұрыштары, «Адалдық алаңы», «Ашық әкімдік» жобалары іске асырылып, тұрғындарға ашық қызмет көрсету мәдениеті орнығып келеді. Мемлекеттік органдардың ашықтығы, электрондық үкімет арқылы қолжетімді қызметтер мен қоғамдық бақылау тетіктері – халықтың сенімін нығайта түсті.
Ал, құқықтанушы Мұхтар Жанұзақ: «Алматы қаласында құқықтық мәдениет қалыптастыру процесі тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның қатысуымен жүріп жатыр. Заңның үстемдігі – бұл тек жазалау емес, алдын алу, түсіндіру, тәрбиелеу. “Қауіпсіз қоғам” сынды жобалар – бұл құқықтық мемлекетке қарай жасалған шынайы қадам. Қоғам мен билік арасындағы сенім артпай, құқық бұзушылықпен тиімді күрес жүргізу мүмкін емес. Бұл тұрғыда Алматы тәжірибесі еліміздің басқа өңірлеріне үлгі бола алады» дейді.
Қорыта айтқанда, Алматы қаласындағы заң мен тәртіпті сақтау жұмыстары, құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған бастамалар мен азаматтардың қауіпсіздігіне негізделген жобалар нақты нәтиже беріп отыр. Бұл – билік пен халық арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікке құрылған тиімді серіктестіктің көрінісі. Заң үстемдігіне негізделген қоғам – бұл тек Алматының ғана емес, бүкіл Қазақстанның жарқын болашағы.