Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Ердоған Түркия оппозициясының жетекшісін сотқа берді

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдегі басты оппозициялық күш саналатын Халықтық-республикалық партияның (ХРП) төрағасы Өзгүр Өзелді қорлады деп есептеп, оны сотқа берді. Ел басшысы моральдық зиян ретінде 500 мың лира (шамамен 12,5 мың АҚШ доллары) өндіріп алмақ.

Ердоған Түркия оппозициясының жетекшісін сотқа берді

Бұл жөнінде Ердоғанның заңгері Хюсейн Айдын X әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.

— 5 шілдеде ХРП төрағасы Өзгүр Өзел президентке қатысты негізсіз айыптаулар айтып, қорлайтын және қоқан-лоққы сипатындағы мәлімдемелер жасады. Осыған байланысты Анкарадағы бірінші сатыдағы азаматтық сотқа моральдық өтемақы өндіру туралы талап арыз берілді. Сонымен қатар, Өзелдің әрекетіне қатысты Түркия Қылмыстық кодексінің 310/2-бабына сәйкес Анкараның бас прокуратурасына қылмыстық шағым түсірілді, — деді адвокат.

Айта кетейік, 5 шілде күні партияның атқару комитеті отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Өзел Анталья, Адана, Адыяман және Манавгат қалаларының әкімдері жемқорлық күдігімен ұсталғанын айтып, Ердоғанды авторитарлық билік жүргізіп отыр деп айыптаған. Сондай-ақ, ол қараша айында кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді талап етіп, қазіргі биліктің сол сайлауда жеңілетінін мәлімдеді.

Бұл — Ердоғанның Өзелге қарсы алғашқы шағымы емес. Сәуір айында өткен ХРП-ның кезектен тыс съезінде Өзел президентті «хунта жетекшісі» деп атаған соң да Ердоған дәл осындай сомаға өтемақы талап етіп, сотқа жүгінген болатын.

Еске сала кетейік, 2 шілдеде Ыстанбұлдың Сарачхане алаңында қаланың бұрынғы мэрі Экрем Имамоғлуға қолдау білдіру мақсатында ауқымды митинг өткен еді.

Осыған дейін Түркияның Ұлы ұлттық мәжілісінде президент Ердоғанның қорғаныс саласындағы өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталған заң жобасы талқыланып жатқаны хабарланған.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату