weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Серіктестер
14 желтоқсан, 2025 / Арайна Арайқызы / Әлем
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

«Бейбітшілік алыс емес»: Ердоған Ресей мен Украина арасындағы соғыс жайлы

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Ресей мен Украинаны Қара теңізді әскери текетірес алаңына айналдырмауға шақырды.

«Бейбітшілік алыс емес»: Ердоған Ресей мен Украина арасындағы соғыс жайлы

Түркия басшысы 13 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путинмен өткен кездесуден кейін Қара теңіздің стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл аймақ қақтығыс емес, тұрақтылық пен қауіпсіздік кеңістігі болуы тиіс,-деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі Alash.kz  сайтына сілтеме жасап. 

«Қара теңізді қақтығыс алаңы ретінде қарастыруға болмайды. Мұндай жағдай Ресей мен Украинаға тек зиян әкеледі. Ал теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігі барша үшін маңызды және ол міндетті түрде қамтамасыз етілуі қажет», – деді Ердоған.

Сондай-ақ ол Путинмен кездесуден кейін АҚШ президенті Дональд Трамппен Украинадағы бейбітшілік жоспарын талқылауға мүмкіндік болатынына үміт білдірді. Ердоғанның пікірінше, қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге жақын арада нақты алғышарттар қалыптасуы мүмкін.

«Дональд Трамптың бұл мәселеге белсенді түрде араласып отырғанын білесіздер. Біз АҚШ-ты да осы үдерісті қолдауға ынталандырып келеміз. Кейде көшбасшылармен телефон арқылы да байланысамыз. Путинмен өткен кездесуден кейін Трамппен де бейбіт жоспарды талқылауға мүмкіндік туады деп сенемін. Бейбітшілік жақын, тек соған қарай бағыт алу қажет», – деді Түркия президенті.

Осы күні Түркияның Сыртқы істер министрлігі де Мәскеу мен Киевті Қара теңіздегі әскери әрекеттерді тоқтатуға шақырды. Анкара Одесса облысындағы Черноморск портына жасалған кезекті ресейлік соққы салдарынан шетелдік кеменің зақымданғанын мәлімдеді.

Ведомствоның алдын ала ақпаратына сәйкес, экипаж мүшелері мен жүк көліктерінің жүргізушілері эвакуацияланған. Түркия азаматтары арасында зардап шеккендер жоқ. Бұған дейін Украина тарапы Одесса облысындағы порт инфрақұрылымына жасалған әуе соққысы кезінде түрік кемесі зақымданғанын хабарлаған еді. Ал Түркияның Cenk кеме қатынасы компаниясының мәліметінше, аталған кеме жеміс-жидек, көкөніс және өзге де азық-түлік өнімдерін тасымалдаған.

Соңғы апталарда Қара теңізде ресейлік жүк тасымалдайтын кемелерге қарсы шабуылдар жиілегені туралы ақпарат тарады. Атап айтқанда, 2 желтоқсанда Түркия жағалауынан шамамен 80 теңіз милі қашықтықта Ресейден Грузияға бет алған Midvolga 2 танкеріне соққы жасалғаны хабарланды.

Ал 28 қарашада Босфор маңында Гамбия туы астында жүрген Kairos және Virat атты екі танкерге шабуыл жасалған. Reuters агенттігінің дерегінше, бұл кемелер Ресейдің «көлеңкелі флотына» тиесілі және Батыс елдерінің санкциялар тізіміне енген.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→