Оның айтуынша, Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) хуситтер билігіне тиесілі бірқатар нысанға – Ходейда, Ас-Салиф және Рас-Иса порттарына, Рас-Катибтегі электр станциясына және екі жыл бұрын басып алынған Galaxy Leader кемесіне соққы жасаған. Министр кеменің Қызыл теңіздегі «террористік әрекеттерге» пайдаланылып жатқанын айтты.
«Бұған дейін ескерткенімдей: Йеменнің тағдыры Тегеранның тағдырындай болады. Израильге шабуыл жасамақ болған әркім соққы алады, ал қол көтергендер сол қолынан айырылады», – деп жазды министр Х платформасында (бұрынғы Twitter).
Израильдің бұл мәлімдемесіне дереу жауап қатқан «Ансар Алла» қозғалысының саяси бюросы:
«Біздің ұстанымымыз өзгермейді. Израиль қанша уақыт бойы елімізге шабуыл жасап, стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымды қиратса да, халқымыз Газаға қолдау көрсетуден таймайды. Біз бұл қолдауды Израиль агрессиясы тоқтап, қоршау алынғанша жалғастырамыз», – деді қозғалыс өкілі Хизам әл-Асад.
Сондай-ақ Ұлыбританияның теңіз агенттігі Қызыл теңізде хуситтердің әрекетінен грек кемесі суға кеткен болуы мүмкін екенін хабарлады.