Сауд Арабиясы Йемендегі хуситтерге қарсы шабуыл жасау жоспарын қарастырып жатыр. Reuters агенттігіне пікір білдірген аймақтық және батыс шенеуніктерінің айтуынша, нұсқалардың қатарында Қызыл теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағалау бойымен ілгерілеу немесе бірнеше бағыттан бір мезетте соққы беру бар.
Алдағы апталарда корольдік Йеменде жаңа операция бастай алады. Бұл жолы құрлықтағы әрекеттерді Эр-Рияд бақылауындағы йемендік күштер жүргізіп, оларды сауд авиациясы қолдауы мүмкін. Дайындық жайын білетін алты дереккөз осылай деп хабарлаған.
Дереккөздерге қарағанда, басты мақсат — хуситтердің ілгерілеуін тоқтатып, Баб-әл-Мандеб бұғазын қайта бақылауға алу. Қазір екі нұсқа қаралып жатыр: бұғаз маңына дәл соққы беру немесе әл-Байда, Мариб, Таиз және әл-Джауф провинцияларында үйлестірілген шабуылдармен кең ауқымды операция жүргізу.
Операция ауқымына қарай, оған 100 000-нан астам йемендік әскери қызметкер тартылуы мүмкін. АҚШ барлау деректері мен әскери кеңесшілер арқылы сауд авиациясын қолдап отыр, бірақ одақтастар ұрыстарға тікелей қатыспайды. Бұған дейін Дональд Трамп тікелей әуе соққыларын қоса алғанда, әскери қолдау туралы өтініштерді қабылдамаған.
Сауд Арабиясына Түркия мен Пәкістан да әскери жабдық жеткізген. Пәкістан Аденге әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, жеңіл артиллерия, дрондар және ұшқышсыз аппараттарға қарсы құралдар тиелген төрт жүк ұшағын жіберген, сондай-ақ әскери кеңесшілерін аттандырған.
Пәкістандық шенеуніктердің айтуынша, корольдікке шекараны қорғау және дрондар мен зымырандарды ұстау үшін 30 000-40 000 әскери қызметкер орналастырылған. Түрік дрондары да Йемен үстінде пайдаланылып жатыр. Франция болса, Янбу портын қорғау үшін Сауд Арабиясына қорғаныс жүйелері мен әскер жіберуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Сауд Арабиясы Йемендегі азаматтық соғысқа 2015 жылы араб коалициясын бастап кірген еді. Ол кезде коалиция халықаралық деңгейде мойындалған үкіметті қолдады, ал үкіметті хуситтер Санаадан қуып шыққан болатын. 2022 жылғы бітім негізінен сақталғанымен, кейін хуситтердің кемелерге және корольдіктің мұнай инфрақұрылымына шабуылы қайта жанданды.
Батыс дипломаттарының бағалауынша, Эр-Рияд хуситтер Баб-әл-Мандебті бақылап тұрған кезде жаңа бейбіт келіссөздерге мүмкіндік жоқ деп санайды. Бұл бұғаз Қызыл теңіздің оңтүстігіндегі стратегиялық өткел саналады және Жерорта теңізі мен Азия арасындағы маңызды бағыт болып отыр. Оның маңызы Иранмен қақтығыс салдарынан Ормуз бұғазындағы шектеулер күшейген тұста бұрынғыдан да артқан.