Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Астанада жыл сайын халық саны 100 мыңға жуық көбейіп жатыр

Соңғы 3–4 жылда Астананың тұрғындар саны 300 мың адамға артқан, деп мәлімдеді қала әкімі Жеңіс Қасымбек «Вечерняя Астана» газетіне берген сұхбатында.

Астанада жыл сайын халық саны 100 мыңға жуық көбейіп жатыр

– Былтырдың өзінде ғана туу көрсеткіші мен ішкі көші-қон есебінен халық саны 98 мың адамға өсті. Бұл – кейбір облыс орталықтарының халқымен тең көрсеткіш. Жалпы, 3–4 жылда 300 мыңнан астам адам қосылды, – деді әкім.

Болжам бойынша, 2035 жылға қарай Астананың тұрғындар саны 2,3 миллион адамға жетуі мүмкін.

Осы өсімге байланысты қалада жыл сайын кем дегенде 10 мектеп салу қажет, дейді Қасымбек.

– Орта есеппен жыл сайын 15–16 мың түлек мектеп бітіреді, ал бірінші сыныпқа екі есе көп бала келеді, – дейді ол.

Өткен оқу жылында елордада 24 мектеп ашылып, 66 мың оқушы орны (екі ауысымда) жасақталған. Ал алдағы оқу жылында тағы 15 мектептің ашылуы жоспарланып отыр. Биыл 11 балабақша пайдалануға беріліп, 2 899 бүлдіршін орынмен қамтылады.

Халықтың артуын ескере отырып, Астананың 2035 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары қабылданған. Онда халық санының қарқынды өсуі ескеріліп, қала дамуын ілгерілетуге бағытталған нақты шаралар қарастырылған.

Сондай-ақ, әкімнің айтуынша, ескі тұрғын үйлердің ауласында көпдеңгейлі автотұрақтар салу жоспарлануда.

Айта кетейік, 6 шілдеде атап өтілетін Астана күніне орай Ұлттық статистика бюросы елордаға қатысты қызықты деректер ұсынды. Соның бірі – Қазақстанда Астана есімі берілген 24 адам бар екен.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату