Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

«Каспий ластанып барады», - мамандар дабыл қағуда

2025 жылдың мамыр айының басынан бері Sentinel-1A және Sentinel-1C спутниктері Каспий теңізінде апта сайын жаңа мұнай ізі бар дақтарды тіркеуде. Бұл туралы «Save the Caspian Sea» жаһандық экологиялық қозғалысы «Каспийдегі Ашық Әлем» («Прозрачный Мир на Каспии») жобасының деректеріне сүйеніп хабарлады, -  дейді newsroom.kz

«Каспий ластанып барады», - мамандар дабыл қағуда

23 маусымдағы жағдай бойынша жағалау аймағында және ашық теңізде жалпы ауданы 64 км²-ден асатын шамамен 40 дақ анықталды. Ластану Қазақстан, Әзербайжан, Ресей және Түрікменстан секторларында тіркелді.

Ластанулардың жүйелі түрде анықталуына қарамастан, құзырлы органдардың қандай да бір әрекет еткені туралы ақпарат жоқ. Осыған байланысты «Save the Caspian Sea» қозғалысының негізін қалаушы Вадим Ни 2025 жылғы 13 маусымда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми сұрау жолдап, мемлекеттік спутниктік мониторингтің жүргізілу-жүргізілмейтінін, осы оқиғалардың ресми түрде тіркелген-тіркелмегенін, ластаушы заттарды есепке алу мен жою жоспарының бар-жоғын және қазақстандық сектордағы кеме қатынасына бақылау жасалатынын түсіндіруді талап етті. Жариялау сәтіне дейін ресми жауап алынған жоқ.

«Біз Каспийдің нәзік экожүйесінің тұрақты ластануына жол бере алмаймыз. Қазіргі технологиялар балласт суларын төгуден туындаған мұнай төгілуін де жедел анықтап, жоюға мүмкіндік береді. Қозғалысымыз мемлекеттік органдардан Каспий теңізіндегі мұнай төгілуіне дереу әрекет ету шараларын іске асыруды талап етеді», – деді Вадим Ни.

2025 жылғы мамыр-маусым деректері бойынша қазақстандық секторда кемінде 7 ластану оқиғасы тіркеліп, олардың жалпы ауданы 18 км²-ге жетті. Ресей секторында 25 дақ (14 км²), Әзербайжан секторында 5 дақ (28,8 км²) анықталды. Түрікменстан секторында екі дақ тіркеліп, олардың ауданы 4,1 км² болды.

«Мәселе бір реттік төгілуде ғана емес, жинақталу әсерінде. Каспий теңізін ғарыштан тұрақты жедел мониторингілеу төтенше жағдайларға уақытылы әрекет етуге ғана емес, ғалымдарға теңіз экожүйесіне ұзақ мерзімді техногендік қысымды бақылауға көмектеседі. Мұндай “қатал” көзқарасты басқа жолмен алу мүмкін емес», – деп атап өтті «Каспийдегі Ашық Әлем» жобасының үйлестірушісі Андрей Балагуров.

2025 жылғы сәуірде жалпы ауданы шамамен 32 км² болатын 15 мұнай дағы анықталған болатын. Еске сала кетейік, көлемі шағын дақтардың өзіне тән кумулятивтік әсері экожүйені бұзады: газ алмасу үдерісі бұзылады, балық, теңіз құстары мен планктон зардап шегеді.

Анықтама үшін
Мониторинг Sentinel-1A және Sentinel-1C спутник деректерін, сондай-ақ Ресей Ғылым академиясы Ширшов атындағы мұхиттану институтының әдістемелері бойынша әзірленген CLASS.PRO платформасын пайдаланып жүргізіледі. Зерттеуге «Лоретт» ЖШҚ, «Раймет» ғылыми-өндірістік қоры және Ctrl2GO тобы қатысады. Нәтижелер transparentworld.tech сайтында ашық қолжетімді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату