Иран мұнайы Үндістанға қайта жеткізіле бастады. Бұған дейінгі үзіліс 2019 жылдың мамыр айында АҚШ-тың Иран мұнайына қарсы енгізген санкцияларына байланысты болған. Импорттың қайта жандануын 4 сәуір күні Үндістанның Мұнай министрлігі ресми түрде растады.
Ведомствоның мәліметінше, жергілікті мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) шикізаттың балама көздерін іздеуге мәжбүр болған. Себебі Ормуз бұғазының жабылуына байланысты Таяу Шығыс елдерінен импорт тоқтаған. Нәтижесінде зауыттар басқа жеткізушілерден, соның ішінде Ираннан да мұнай алып, өз қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отыр. Министрлік төлем мәселесінде ешқандай қиындық жоқ екенін де атап өтті.
Мұнайдан бөлек, Үндістан Ираннан 44 мың тонна сұйытылған мұнай газын (СМГ) сатып алған. Жүк санкциядағы танкермен жеткізіліп, қазіргі таңда Мангалор портында түсіріліп жатыр.
Еске салсақ, 3 сәуір күні Иран мұнайын Үндістанға жеткізіп келе жатқан Ping Shun танкері кенет бағытын өзгертіп, Қытайға қарай бет алған. Кеме 4 сәуірде Вадинар портына жетуі тиіс болған, алайда соңғы сәтте навигация жүйесінде Қытайдың Дунъин порты көрсетілген. Сарапшылар мұны есеп айырысу шарттарының өзгеруімен байланыстырды: бұрын сатушылар 30–60 күндік төлемді кейінге қалдыруға келіссе, қазір толық алдын ала төлемді немесе қысқа мерзімде төлеуді талап етеді. Соған қарамастан, Үндістан бұл мәселені жедел шешіп, нәтижесінде мұнай МӨЗ-дерге жеткізілген.
Парсы шығанағындағы шиеленіс 28 ақпанда басталды: АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасағаннан кейін, Иран Израильге және Таяу Шығыстағы америкалық әскери базаларға қарсы шабуылдар жасады. Сонымен қатар, Ормуз бұғазындағы кемелерге шабуылдар тіркелді. Бұл бұғаз – Парсы шығанағынан Үнді мұхитына шығатын жалғыз теңіз жолы. Соның салдарынан энергия тасымалдаушылардың бағасы күрт өсіп, Азия іс жүзінде Таяу Шығыс мұнайы мен газынан уақытша қағылды.
Наурыз айында АҚШ Ресей мен Иран мұнайы және мұнай өнімдеріне қатысты шектеулерді уақытша жеңілдетті. Бұл қадам әлемдік отын тапшылығын азайтуға бағытталған.
Сондай-ақ, Иран Иракқа мұнайды бұғаз арқылы тасымалдауға рұқсат беретіні белгілі болды.