Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Байқоңыр кімге бұйырады? Қазақстан ғарыш айлағын шетелдік стартаптарға аша бастады

Ресей «Союз-5» зымыран тасығышын өндіруді өз аумағынан Байқоңыр ғарыш айлағына көшіруі мүмкін. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында айтылған. Сондай-ақ, «Бәйтерек» жаңа кешенінен алғашқы ұшырылымның 2025 жылдың желтоқсанында өтетіні нақтыланды. Үкімет басшысының айтуынша, зымыран дайындығы мен инфрақұрылым құрылысы кестеге сай жүріп жатыр.

Байқоңыр кімге бұйырады? Қазақстан ғарыш айлағын шетелдік стартаптарға аша бастады
Фото: gov.kz

Сонымен қатар, премьер-министр Ресей жалдауынан шығарылған Байқоңыр аумағында арнайы экономикалық аймақ құру жоспарларын растады. Жалпы көлемі 1747 шаршы шақырымды құрайтын бұл аумақта қазақстандық және шетелдік ғарыш стартаптары өз жобаларын жүзеге асыруы мүмкін. Жоба әзірге бастапқы кезеңде, дегенмен бұл бастама Байқоңырды 1994 жылғы Ресеймен жасалған келісім аясынан тыс шетелдік компанияларға ашудың алғашқы қадамы ретінде қарастырылып отыр.

2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан Словения, Болгария, Германия өкілдерімен және Еурокомиссар Йозеф Сикеламен кездесулер өткізді. Сәуір айында Германияда OHB System AG және Rocket Factory Augsburg AG компанияларымен ұшыру қызметтері мен зымыран технологиялары туралы келіссөздер жүргізілді.

Сондай-ақ, Цифрлық даму министрлігіне қарасты Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы үндістандық Sky Root, қытайлық Deep Blue Aerospace және германиялық Himpulse стартаптарымен келіссөздер мен алдын ала консультациялар өткізіп жатыр. Әңгіме шағын және жеңіл зымыран тасығыштарды сынау және ұшыру мүмкіндіктері туралы, соның ішінде Ресей жалдауы аясынан тыс болашақ алаңдарда жүзеге асыру мәселелері қозғалды.

2025 жылғы 16 маусымда Қазақстан мен Қытай бірлескен жобалар туралы келісімге қол қойды. Жоспар бойынша зертханалар, спутниктік деректерді өңдеу орталықтары мен мамандарды даярлайтын оқу орындары салынбақ. Қазіргі таңда бастамалар келісу сатысында, егжей-тегжейі жарияланған жоқ.

Ал бұған дейін, 2024 жылы Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары кезінде Пекин еліміздің ғарыш саласын дамытуға 100 млн юань көлемінде грант бөлетінін мәлімдеген еді. Бұл қаржы есептік астрономия инфрақұрылымы мен астрофизикалық зерттеулердегі модельдеу жүйесін дамытуға жұмсалады.

Осылайша, Қазақстан Байқоңырды пайдаланудың жаңа бағытына бет бұрып отыр — яғни, Ресеймен арадағы жалдау шеңберінен шығып, халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге көшкені байқалады. Әзірге жобалардың көбі келіссөздер мен меморандумдар деңгейінде болса да, үкіметтің бұл салаға басымдық беріп отырғаны айқын.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату