Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров атап өткендей, бұл мәселе 2000-жылдардан бері созылып келеді. Сол кезеңде университет меншігінен үш жатақхана, бес ірі зертхана және жалпы аумағы 6 гектарға жуық бірнеше жер телімі шығарылған. Солардың бірі – кампустың дәл ортасында орналасқан 96 сотық жер телімі бүгінде дау-дамайға айналды. Университеттің мәліметінше, RAMS Kazakhstan құрылыс компаниясы бұл жерге бес көпқабатты тұрғын үй салуға ниетті.
«Біз мұнда жай сөзбен емес, нақты іспен мәселенің мән-жайын анықтау үшін келдік. Бұл – жеке тартыс емес, мемлекеттік маңызы бар мәселе. «AMANAT» партиясы бұл мәселені шешуді көптен бері талап етіп келеді. Алайда прокуратура, Индустрия және құрылыс министрлігі, Жер ресурстарын басқару комитеті нақты шара қабылдамай отыр. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз ету саясатына ашық түрде қарсылық, саботаж деп санаймын. Президент Алматының құрылыс мәселесінде ең алдымен құрылыс компанияларының емес, халықтың мүддесі ескерілуі қажет екенін бірнеше рет айтқан. Жаңа әкім Дархан Сатыбалдының келуімен бұл мәселе жақын арада шешіледі деп үміттенеміз», – деді Ерлан Саиров.
Ол сондай-ақ бұл аумақ бүгінде ашық тұрған шұңқырға айналғанын айтты. Жауын мен қар еріген сайын ол тереңдеп, жақын маңдағы ғимараттардың іргетасын шайып, оларды құлату қаупін төндіруде. Бұл жағдай құрылыс және санитарлық нормаларға қайшы келеді.
Кеңес төрағасының айтуынша, құрылыс жобасы 2023 жылы бекітілген Алматының жаңа Бас жоспарына да сәйкес келмейді. Қазіргі жоспарлау бойынша, бұл аумақ білім беру аймағына жатады, сондықтан мұнда тұрғын үй кешенін салуға болмайды.
Талқылау барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов құрылыс жұмыстары сот шешімі шыққанға дейін тоқтатылғанын жеткізді. Оның айтуынша, құрылыс салушы компания шұңқырды көміп, қоршауды алып тастауға тиіс. Дегенмен, рұқсат құжаттарының заңдылығына жүргізілетін тексерістен кейін ғана түпкілікті шешім қабылданады.
Өз кезегінде университет өкілдері оқу инфрақұрылымын тығыз құрылыспен емес, дамыту жолдарымен қамтамасыз ету қажет екенін баса айтты.
«Студенттердің саны жыл сайын артып келеді, ал аудитория мен зертханалардың саны азайып барады. Біз тек ғимараттардан ғана емес, сондай-ақ ғылыми және білім беру әлеуетінен де айырылып жатырмыз. Бұл жерде бұрын шеберханалар, гараждар, ірі зертханалар болған, бірақ бәрін сүріп тастады. Қазір бізде 7 мыңға жуық студент оқиды, болашақта бұл санды 10 мыңға жеткізгіміз келеді. Алайда басты мәселе – жаңа жатақхана мен оқу корпустарын салуға бос жердің жетіспеушілігі», – деді ҚазҰАЗУ басқарма төрағасының орынбасары Қуат Сұлтанғазиев.