Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Forbes тізіміндегі қазақстандық олигархтар компаниясын 200 мың теңгеге сатып жіберген

Қазақстандық олигархтар Александр Клебанов пен Сергей Кан иелік еткен «Орталық Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» (ОАЭК) құрамындағы «Екібастұзтеплоэнерго» серіктестігі бар-жоғы 200 мың теңгеге сатылған. Бұл туралы компанияның 2024 жылғы қаржылық есебінде көрсетілген, деп хабарлайды newsroom.kz.

Forbes тізіміндегі қазақстандық олигархтар компаниясын 200 мың теңгеге сатып жіберген
Фото: Polyurban / Wikimedia Commons, CC BY-SA 2.0 de.

Кәсіпорын неге мұнша арзан бағамен сатылды?

Құжаттарға сүйенсек, «Екібастұзтеплоэнергоның» негізгі активтері – жалпы құны 1,8 млрд теңгеге бағаланған жылу желілері – 2023 жылдың маусымында Екібастұз қаласының экономика және қаржы бөліміне берілген. Ал 2024 жылы кәсіпорынның өндірістік және әкімшілік ғимараттары қала әкімдігіне өткізілген.

Нәтижесінде, ОАЭК активтерді беру мен күл үйінділерін қалпына келтіру бойынша міндеттемелерді есептен шығарудан 6,8 млрд теңге шығын көрген. Сөйтіп, компания барлық мүлкін мемлекеттің иелігіне өткізген соң, 2024 жылғы 1 тамызда «Екібастұзтеплоэнерго» серіктестігінің 100 пайыздық үлесін үшінші тұлғаға 200 мың теңгеге сатқан.

Кім пайда тапты?

Бұл мәміле аясында миллиардерлер компанияның 2026 және 2030 жылдарға дейінгі қарыздары – жалпы 5,3 млрд теңгеден де құтылған. Бұл сома есептен шығарылып, ОАЭК пайдасына жазылған.

Жалпы алғанда, компания 2024 жылы 17,4 млрд теңге таза табыс тапқанымен, активтері 382 млрд теңгеден 355 млрд теңгеге азайған, ал міндеттемелері 130,9 млрд теңгеден 165,5 млрд теңгеге көбейген.

Мұның маңызы неде?

Бұл компанияның аты 2022 жылғы қарашадағы жылу жүйесіндегі апатпен байланысты. Қатты аязда (–30°C) Екібастұз қаласында жылу мен ыстық су тоқтап, төтенше жағдай жарияланған. Салдарынан жылу жүйесін мемлекет меншігіне алу туралы шешім қабылданып, жауапты басшылар сотталып, кінәлі деп танылды.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату