Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақстанда ипотека алуға өтінімдердің үштен екісі мақұлданбай жатыр

2025 жылдың алғашқы тоқсанында қазақстандықтар үшін ипотека рәсімдеу бұрынғыдан да қиындай түсті. Елдегі әрбір төртінші өтінімнің тек бірі ғана мақұлданған. Бұл – соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі.

Қазақстанда ипотека алуға өтінімдердің үштен екісі мақұлданбай жатыр
Фото: zhaikpress.kz

Қаржыгерлер қауымдастығының (АФК) дерегінше, биылғы қаңтар-наурыз аралығында тұрғын үй несиелері нарығы айтарлықтай бәсеңдеген. Ипотекалық несие көлемі бір тоқсан ішінде 5,7 %-ға төмендеп, 413 млрд теңгеден 390 млрд теңгеге қысқарған.

Ипотекалардың басым бөлігі «Отбасы банк» арқылы рәсімделгенімен, бұл банктегі несие беру көлемі де жылдық есеппен 10,4 %-ға азайып, 225,2 млрд теңгені құраған.

Алайда нарықтағы коммерциялық ипотекаға деген сұраныс біршама артқан. Бұл уақытша құбылыс деп бағаланып отыр. Себебі тұрғын үй жинақ салымдарына берілетін мемлекеттік сыйақының кешігіп берілуі, халықты нарықтық ипотекаларға жүгінуге мәжбүрлеген. Бірақ мамандар жыл соңына дейін жоғары пайыздық мөлшерлемелер сақталатынын ескеріп, жеңілдетілген ипотека бағдарламаларының қайта жандануын болжайды.

«Ипотекаға берілген өтінімдердің мақұлдану үлесі 31 %-дан 24 %-ға дейін төмендеді. Бұл – тұтынушылық несиелеудің орташа деңгейінен де төмен. Мұның басты себебі – нарықтық ипотекаларға сұраныстың артуы. Мұндай өнімдер қарыз алушыларға қатаң талап қояды. Ал мемлекеттік сыйақының кешіктірілуі жеңілдігі бар бағдарламаларға өтініш беру көрсеткішін төмендетіп отыр», – делінген АФК сараптамасында.

Жалпы, ипотекалық несиелеудегі қатаң іріктеу, жоғары бастапқы жарна (20–50 %) талаптары елімізде төлем мерзімін кешіктіру деңгейін төмен ұстауға себепші болып отыр. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш небәрі – 0,4 %.

Сондай-ақ сарапшылар қымбат баспана сатып алып жатқан қарыз алушылар саны көбейгенін айтады. Қазіргі таңда ипотекалық төлем орта есеппен жалақының 36 %-ын құрап отыр.

«Ірі қалаларда қолжетімді баспана тапшылығы сақталып отыр. Мұндай жағдайда нарықтың жоғары табысты азаматтарға және құрылыс компанияларымен әріптестікке бет бұруы – заңды әрі уақыт талабы», – дейді қаржы нарығын бақылаушылар.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату