Бұған дейін Ақордада Қорғаныс министрі болып Даурен Қосанов, ал Президенттің кеңесшісі қызметіне Әсел Жанасова тағайындалғаны хабарланған еді.
– Менің ойымша, бұл – жоспарлы кадрлық ротацияның уақыты. Жақын күндері күштік құрылымдарда алқа отырыстары өтпек. Соған орай жаңа министрлер тағайындалып, алдағы міндеттер солардың алдына қойылмақ. Қорғаныс министрі болып тағайындалған адам – кадрлық әскери, бұған дейін әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы болған. Бұл – жақсы белгі. Себебі қазіргі таңда жаңа технологиялар мен қару түрлерінің, әсіресе дрондардың, маңызы артып келеді. Олар әуе күштерінің құзырында, – деді Талғат Қалиев.
Саясаттанушының айтуынша, Әсел Жанасованың тағайындалуы да – қызметтік жоғарылау.
– Бұл – жақсы көрсеткіш. Ол – мемлекеттік "Қазпошта" компаниясының басшысы, заманауи ойлайтын, білікті маман. Демек, Президент инновацияға жіті мән беріп отыр және мемлекеттік басқаруға жаңа тәсілдерді енгізуді көздейді, – деп атап өтті Қалиев.
Сарапшы сондай-ақ Руслан Жақсылықовтың алдағы тағдырына қатысты нақты ақпарат жоқ екенін айтты. Ал Марат Қарабаевтың Көлік министрі қызметінен босатылуы күтілген шешім болғанын атап өтті.
– Демек, бұл қадамға негіз боларлық салмақты себептер бар, – деп түйіндеді саясаттанушы.