Сауалнама барысында сарапшылар бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша болжамдарын айтты: мұнай бағасы, ЖІӨ өсімі, теңге бағамы, инфляция, базалық мөлшерлеме, экспорт және импорт.
2025 жылға арналған Brent маркалы мұнай бағасына қатысты болжам төмендетілді: енді бір баррельдің орташа құны $75 емес, $69,3 болады деп күтілуде. Инфляцияға қатысты болжам да нашарлаған. Бұған дейін 2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 10,6% болады делінсе, енді 10,7% деңгейінде болады деген пессимистік көзқарас басым. Ал 2026–2027 жылдарға арналған болжамдар бұдан да көп өзгерген: бұрын 9% және 6,1% болса, қазір 9,4% және 6,8% деп көрсетілген.
«Инфляция болжамы өзгерген соң, базалық мөлшерлеме бойынша күтулер де қайта қаралды. 2025 жылдың соңына қарай мөлшерлеме 15,9%-дан 16,3%-ға, 2026 жылы 14,3%-дан 14,5%-ға, ал 2027 жылы 11,5%-дан 12%-ға көтеріледі деген болжам жасалды», – делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Бірақ жағымды өзгеріс те бар: ел экономикасының өсімі бойынша сарапшылардың болжамы жақсарған. Егер бұрын 2025 жылы ЖІӨ 4,7% өседі десе, қазір 5% өсім болады деп отыр. Ал 2026–2027 жылдарға арналған болжамдар өзгеріссіз қалды — тиісінше, 4,5% және 4,3%.
Айта кетейік, бұған дейін де сарапшылар Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамдарын төмендеткен болатын.