Жазба авторының айтуынша, оқиға автобуста болған. Артқы орындықта отырған оқушы ұялы телефонда ойын ойнап отырып, айналасындағыларға қарамай бейәдеп сөздер айтып отырған. Жолаушылардың бірі – автор – баланың бұл әрекетіне ескерту жасағанда, оқушы одан сайын дөрекі сөйлеп, тіпті балағат сөздерді ашық айтып кеткен.
"Бала айылын да жиған жоқ. Шешеден бастап, төмен жақтың бәрін сықпыртты. Аузы сондай лас екен. Бір уақытта ашуланып, қайта бұрылып, қоғамдық орында отырғанын, бұл әрекеттің заңбұзушылық екенін ескерттім. Бірақ ол: “Мен сізге не дедім? Сізге не болды?” деп қарап тұр. Телефонды бетіне ұстап отырған екен. Түсіріп отыр ма деп, телефонын түртіп қалып едім, жерге түсіп қалды. Сол кезде: “Сіз мені ұрдыңыз. Мен сізді видеоға түсіріп. Сотқа берем” деді", – деп жазады желі қолданушысы.
Ол оқушыдан неше жаста екенін сұрағанда, жанында отырған қыз бала оның 6-сыныпта оқитынын айтқан. Автор мұндай балағат пен қорқытуды естігенде қорқып кеткенін де жасырмайды.
"Мұндай сөздерді бала мектептен емес, үйден үйренеді. Алты оқитын баланың “сотқа берем” деуі – бұл ата-ананың үйреткені. Бізде заң әлсіз. Әйтпесе қоғамдық жерде аузына келгенін айтып, өзінен үлкен адамға дау айтпас еді", – дейді жазба иесі.
Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бірі баланы айыптаса, енді бірі қоғамдық ортада тәртіп пен мәдениетті күшейту қажет екенін алға тартуда. Ал кей қолданушылар заңды күшейтуді, мектеп пен ата-ананың тәрбие берудегі жауапкершілігін арттыруды талап етуде.