Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Шымкенттен Германия, Венгрия, Қытай, Корея және Мысырға тікелей рейстер ашылды

Шымкент қаласында Германия, Венгрия, Қытай, Оңтүстік Корея және Мысыр елдеріне тікелей әуе рейстерінің ашылуына арналған салтанатты шара өтті. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің әуежайларында жүк тасымалы мен әуе хабтарын дамыту үшін жасалған жағдайлар аясында жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды newsroom.kz.

Шымкенттен Германия, Венгрия, Қытай, Корея және Мысырға тікелей рейстер ашылды
Фото: ortcom.kz

ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, жолаушыларды Boeing 737 ұшағы тасымалдайды.

27 мамырдан бастап:

Шымкент – Мюнхен рейсі сейсенбі және бейсенбі күндері, аптасына екі рет;

Шымкент – Будапешт рейсі сейсенбі және сенбі күндері, аптасына екі рет;

29 мамырдан бастап:

Шымкент – Шанхай және Шымкент – Сеул рейстері дүйсенбі және бейсенбі күндері, аптасына екі рет;

Шымкент – Каир рейсі әзірге аптасына бір рет, бейсенбі күндері. Ал 24 маусымнан бастап – дүйсенбі және бейсенбі күндері, аптасына екі рет орындалады;

2 шілдеден бастап:

Шымкент – Сиань рейсі сәрсенбі және сенбі күндері, аптасына екі рет;

4 шілдеден бастап:

Шымкент – Үрімжі рейсі сейсенбі және жұма күндері, аптасына екі рет қатынайды.

Жаңа рейстердің ашылуына арналған шарада Қазақстанның авиация саласы мен дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері сөз сөйледі.

ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева өз сөзінде:
«Бұл рейстердің ашылуы – Шымкент әуежайының жаңа терминалы базасында халықаралық авиациялық хабты дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бастамасы» екенін атап өтті.

Айта кетейік, Шымкент әуежайының жаңа терминалы 2024 жылдың 25 желтоқсанында ашылды. Терминалмен қатар перрон мен әуе кемелеріне арналған тұрақ орындары қайта жөнделіп, жаңа ұшу-қону жолы, вокзал алдындағы алаң және бірқатар нысандар салынды.

Іс-шараға SCAT әуекомпаниясының президенті Владимир Денисов, Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов, Венгрия Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Сабольч Карой Секе қатысты.

Еуропа мен Азия елдеріне тікелей рейстердің ашылуы – Шымкент пен елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыратын маңызды қадам. Бұл іскерлік байланыстарды нығайтып, сауда-экономикалық серіктестікті кеңейтіп қана қоймай, туризм мен аймақ инфрақұрылымын дамытуға да серпін береді.

ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті халықаралық бағыттардың санын арттыру, ұшу географиясын кеңейту және еліміздегі авиациялық хабтарды дамыту жұмыстарын жалғастыра береді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату