SKAI-дың міндеті – корпоративтік басқарудың ашықтығын күшейтіп, шешім қабылдау сапасын арттыру. Жүйе қор құрылған кезден бергі құжаттарды, 2008 жылдан бастап жиналған кеңес шешімдерін және басқа да материалдарды сараптап, неғұрлым дәлелді шешімдер қабылдауға көмектеседі.
«Бұл – нағыз кванттық серпіліс. Енді адамдар мен технологиялар бірлесе шешім қабылдайды. Цифрландыру тек бизнес-процестермен шектелмей, басқару философиясының бір бөлігіне айналып отыр», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
SKAI жүйесі «Қазақтелекомның» екінші суперкомпьютері – Al Farabium-ның жабық инфрақұрылымында жұмыс істейді. Бұл деректердің ел аумағынан тысқары шықпауын және талдаудың сенімділігі мен жеделдігін қамтамасыз етеді. Жүйенің негізінде қазақстандық Alem LLM тілдік моделі жатыр.
Жасанды интеллектіні енгізу – қордың басқаруды трансформациялау және цифрландыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиясының бір бөлігі саналады.