Бұл жайт көпшілікті бей-жай қалдырмады. Желі қолданушылары «табиғатты аялаудың орнына, оны тонауға көштік пе?», «ұят тірлік», «нағыз жабайылық» деп түрлі пікір білдіріп жатыр. Расында да, бұл — жай ғана гүл емес. Бұл — қаланың көркін келтіріп тұрған, экожүйеге өзіндік үлесі бар өсімдік. Оны отырғызу, баптау, күтіп ұстау — әкімдіктің, көгалдандыру қызметінің, ең бастысы — сол ортада өмір сүріп жатқан тұрғындардың ортақ еңбегі.
Эколог мамандардың айтуынша, көктемде гүлдеген ағаштардың бұтағын сындырып, гүлін жұлу — өсімдіктің өсу цикліне зиян келтіреді. Бұл тек сыртқы келбетке нұқсан келтірмей, ағаштың кейінгі жылдардағы гүлдеуіне де кері әсер етуі мүмкін.
Қалада әрбір ағаштың өзіндік орны бар. Олар қала ауасын тазартып, жазда сая береді. Әсіресе сәндік гүлді ағаштар қала көркін арттырады. Өкінішке қарай, тұрғындар әлі де табиғатты тұтынатын дүние деп қарайды. Бірақ бұл — ортақ байлық. Оған зиян келтіру — өзімізге зиян келтірумен тең, - дейді экологтар.
«Бұл менікі емес» деген ой — қоғамдық немқұрайлылықтың бастауы
Сарапшылар мұндай әрекеттерді тек экологиялық емес, әлеуметтік мәдениет пен қоғамдық сана деңгейінде де қарастыру керек дейді. Ортақ дүниені бүлдіру — адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші.
— Қоғамда «өзіме тиесілі емес дүние — маңызды емес» деген түсінік әлі де бар. Көшедегі орындықты сындыру, гүлді жұлу, талды сындыру — осының бәрі тәрбие мен жауапкершіліктің жоқтығы. Бұл — ұсақ нәрсе емес, үлкен мәселенің көрінісі. Біз бала кезден ортақ дүние — ортақ жауапкершілік екенін ұғындыруымыз керек, — дейді әлеуметтанушы Салтанат Сатыбалдықызы.
Айыппұл қарастырыла ма?
Жалпы, қоғамдық орында өсімдіктерді бүлдіру — жауапкершілікке әкелетін әрекет. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, қоғамдық орындарды ластауға немесе жасыл желекке зиян келтіруге ескерту жасалады немесе айыппұл салынады. Бұл бап көбіне орындық сындырып кету, ағаш сындыру, гүл жұлумен қатар, басқа да қоғамдық мүлікті бүлдірген жағдайларға қатысты қолданылады.
Дегенмен нақты жауапкершілікке тарту үшін фактіні дәлелдеу маңызды: кім, қашан, не бүлдіргені анық көрінуі керек. Видеода бет-әлпеті анық көрінбесе немесе адам жеке басын жасырып үлгерсе, жазалау қиынға соғады. Сондықтан мұндай жағдайларда көбіне ескерту берумен, қоғамдық пікір арқылы әсер етумен шектеліп жатады.
Қоғамда мәдениетті қалай қалыптастыра аламыз?
Ортақ орынды сақтау – ортақ жауапкершілік. Ол мектептегі тәрбие, ата-ананың үйдегі сөзі, тіпті көшеде кезіккен бір ескерту арқылы қалыптасады.
Біреу гүл жұлса, екінші біреу сыпайы ескерту жасаса — сол мәдениет. Біреу қоқыс тастаса, келесі адам оны көтеріп қоқыс жәшігіне салса — ол да мәдениет. Яғни, мәдениет — ұрандатып айтатын сөз емес, күнделікті әрекетіміз.
Бұл жағдайға пікірлердің көпшілігі «ауылдан шыққан жабайылар» депті. «Ауылдан шыққан» емес, санадан шыққан әдеп қауіпті. Сондықтан қай өңірден шықсақ та, ортада адам болып қалайық.
Гүлге қол емес, көз салайық
Бұл оқиға — үлкен қалада тұрып жатқан тұрғындар үшін үлкен сабақ болуы тиіс. Табиғат — тек тұтынатын ресурс емес, ол — әрбіріміздің ортақ үйіміздің бір бөлшегі. Әдемілікке сүйсінейік, бірақ оны жұлып кетпей, жанымыздағыларға үлгі боларлықтай әрекет жасайық.
Себебі гүлдің де ғұмыры бар, ал оны жұлған қол — өз мәдениетін көрсетеді.