Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
15 мамыр, 2025 / Аман ШАМАР / Елорда

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ТАЗА АСТАНАДАН БАСТАЛАДЫ

«Таза Қазақстан» акциясы тек тазалықпен ғана шектеліп қоймайды.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ТАЗА АСТАНАДАН БАСТАЛАДЫ
Фото: ашық дереккөз

Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» акциясы аясында жалпықалалық сенбілік бастау алды. Оған қала тұрғындарының бәрі бірдей атсалысуда. Атап айтқанда, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдар қызметкерлері, шағын және орта кәсіп иелері, еріктілер, мемлекеттік қызметкерлер, халық қалаулылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері, пәтер иелері кооперативтері және басқалар да бар.

Жалпы, энергиятиімділік саясаты, жасыл экономика қағидаттары, газдандыру, экология мен су ресурстарын қорғау, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық туризмді танымал ету – мұның бәрі  де мемлекет алдында тұрған келелі міндеттер. Осы бағытта бірқатар жұмыстар жүргізіліп, тың бастамалар қолға алынуда. Жоғарыда аталған экологиялық науқан шеңберінде Астана қаласын қоқыс қалдықтарынан арылту, кәріз желілерін, көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарын, көпшілік жиналатын және басқа да орындарды тазалау жұмыстары қарқын алуда.

Біз тілдескен еріктілер қозғалысының мүшесі Самал Хайруллина «Таза Қазақстан» акциясы тек тазалықпен ғана шектеліп қоймайтынын, сондай-ақ, жасыл желек жайқалту жұмыстары да назардан тыс қалмайтынын айтады.

– Акцияның атауына қарап көбісі тек айналаны таза ұстасақ жетіп жатыр деп ойлауы мүмкін. Бұл олай емес. Яғни, тазалық науқаны шыбық отырғызу, гүл егу жұмыстарын да қамтитынын қаперге бергім келеді. Осы ретте, айрықша атап өткім келетіні, көп адам ағаш отырғызғанымен, оны одан әрі күтіп-баптау керек екенін естен шығарып жатады. Қазір қоғамда өз қолымен еккен ағашының қайда орналасқанын білмейтін жандар жетіп артылады. Бұл – өрескел қателік. Алаулатып-жалаулатып тал егіп, журналистерге сұхбат беру бұл тек популист жандардың ғана ісі деп ойлаймын. Ал, туған жеріне жаны ашып, табиғат-анаға шынайы қамқорлық танытқысы келетіндер сол отырғызылған кішкентай шыбықтың алдағы тағдырына да алаңдаушылық білдіреді. Яғни, оны одан әрі күтіп-баптайды, күн сайын суарып, топырағын қопсытады деп ойлаймын. Қарапайым тұрғындарды былай қойғанда, жасылдандырумен айналысатын арнайы қызметкерлердің өзі бұл мәселеге бей-жай қарайтынын қайтерсіз?! Міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін де мен еріктілер қатарына қосылып, тазалықпен және көгалдандырумен айналысқанды жөн санадым, - дейді сұхбаттасушымыз.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату