Заңның үстемдігі мен әділеттілікті, құқықбұзушылыққа «нөлдік төзімділік» саясатын, «Заң және тәртіп» топтастырылған нарративті, «Қауіпсіз қоғам» жобасын, құқық қорғау және арнайы органдарға деген сенімді арттыру, қоғамды кез келген заң және тәртіпбұзушылыққа қарсы қалыптастыру қазір аса маңызды. Мұны Президенттің өзі үлкен басқосулар мен жиындарда үнемі айтып келеді. Бұл ретте, Астанада көптеген бастамалар мен жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Өйткені, ел астанасы – өңір тұрғындарының жиі тоғысатын ортасы. Мұнда жұмыс барысымен келіп-кететін шетелдік азаматтар мен туристердің де қалың шоғыры қалыптасқан.
Астана қалалық полиция департаментінің Киберқылмыспен күрес басқармасының басшысы Талғат Бөлегеновтің сөзінше, қазір сандық дәуірдің салтанат құруына байланысты көптеген сала мен қызмет барысы онлайн жүйеге көшуде.
«Қарапайым саудадан бастап ірі қаржылық операциялардың түгелдей дерлігі бүгінде онлайн іске асады. Осыны алаяқтар, әсіресе, кибералаяқтар өздерінің арам пиғылдарына пайдаланып кетіп жатыр. Тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде қазір «киберқауіп» пен «кибершабуыл» деген ұғымдар қоғамды алаңдатып отырған басты факторларға айналып кетті. Мәселен, биылдың төрт айында интернет-алаяқтыққа қатысты 1200-ден астам қылмыс тіркеліп отыр. Сондықтан астаналықтар алаяқтарға алданбас үшін ең алдымен біздерден, яғни, полиция қызметкерлерінен немесе басқа да білікті мамандардан кеңес алғаны жөн» дейді ол.