Биылғы жылды Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» құқықбұзушылықтың алдын алу жылы деп жариялаған болатын. Мақсат – зорлық-зомбылықтың алдын алу және таралуына тосқауыл қою. Осының аясында ел астанасында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан!» челлендж флешмобы өткізілуде.
Ұлттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты, қылмысқа қарсы күрес жөніндегі шараларды, оның ішінде адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, діни экстремизм мен терроризмге, сыбайлас жемқорлыққа, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне, браконьерлікке қарсы іс-қимыл шараларын ұйымдастыру – бүгінде өте маңызды міндетке айналып отыр. Осы орайда, біз Астана қалалық полиция департаменті Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметовамен тілдескен едік.
«Біз зорлық-зомбылық, соның ішінде соңғы кезде белең алып жүрген тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қоғамның назарын аударғымыз келеді. Отбасы ішіндегі өзара үйлесімдіілк пен сыйластық, бір-біріне қолдау білдіру мен көмек көрсету ұстанымдарын насихаттағымыз келеді. Бұл үшін ең алдымен халықтың Ішкі істер органдарына деген сенімін нығайту өте маңызды деп ойлаймын. Бұл ретте, арнайы есепте тұрған азаматтармен жұмыс барысы күшейтілді» дейді ол.