Бүгінде елімізде қалыптасқан дін саласындағы саясатты, қоғамдық және ұлтаралық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін нығайту – мемлекет алдына қойылған маңызды міндеттердің бірі. Осы ретте, Елордада тұрақты іс-шаралар легі жолға қойылған.
Солардың бірі – жақында өткен «Бірлік жүгірісі-2025» республикалық жарысы. «Бірлікке 30 жыл – Ассамблеяға 30 жыл» ұранымен өткен шара Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына арналып отыр. Марафонға 3 мыңнан аса адам қатысып, белсенділік танытты. Арасында жас та, кәрі де, кәсіби спортшылар да, түрлі ұлт өкілдері де жетерлік. Олар ЭКСПО аумағынан «Бәйтерек» монументіне дейін және Түркістан мен Ақмешіт көшелері арқылы кері қарай өтті.
Бірлік пен татулықты ту еткен жарысқа өзге өңірлерден келіп қатысқандар да табылды. Солардың бірі – атыраулық студент Әділет Амангелді.
«Мен бұл марафонға бір медаль алайын деп немесе көзге көрініп қалайын деп емес, ел ішіндегі бірілк пен берекенің жарқын үлгісін көрсету үшін қатысып отырмын. Жиырма миллионнан астам ғана халқы бар елде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі бір шаңырақ астында алаңсыз өмір сүріп жатыр. Осының өзін ұғынудың өзі бір бақыт қой. Ал, мұны сезіну үшін осындай басымызды біріктіретін марафондарға қатысу қажет. Расымен де, ашық аспан астында тату-тәтті тірлік кешіп жатқанымыз берекелі бірлігіміздің арқасы ғой. Оны сақтап қалу және келесі буынға аманаттау – біздің борышымыз. Осы орайда, қоғамда бір адамның екінші бір адамға сес көрсетуіне немесе күш қолдануына заңмен тыйым салып қана қоймай, алдағы уақытта мұндай келеңсіз жайттардың орын алуына мүлде жол бермеу – тек тәртіп сақшылары мен құқық қорғаушылардың ғана емес, ортақ Қазақстанымыздың өркендеп-өсуіне атсалысқысы келетін барлық азаматтың асыл міндетіне айналуға тиіс. Міне, сонда ғана алауыздық пен араздықтың тамырына балта шабуға болады» дейді ол.