Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Соғыс өршіп барады: Пәкістан Үндістан соққысына жауап береміз деп ант етті

Пәкістан мен Үндістан армиясы жоғары әскери дайындыққа көшті. Еске сала кетейік, 7 мамырда Үндістан Пәкістанға қарсы әскери операция бастады. Себеп — 26 адамның, оның ішінде туристердің өліміне әкелген теракт. Делидің мәліметінше, шабуылды пәкістандық содырлар жасаған. Алайда Исламабад бұған қатысы жоғын айтады, деп хабарлайды newsroom.kz.

Соғыс өршіп барады: Пәкістан Үндістан соққысына жауап береміз деп ант етті
Фото: envanto

Үндістан Кашмирдің пәкістандық бөлігі мен Пенджаб провинциясындағы 9 нысанға соққы жасағанын мәлімдеді. Қорғаныс министрі Раджнатх Сингх бұл шабуылдар алдын ала жоспарланған және нысандар дәл жойылғанын жеткізді. Оның айтуынша, әскерилер бейбіт тұрғындардың зардап шекпеуіне тырысқан.

Ал Пәкістан 31 адамның қаза тауып, тағы 57 адамның жараланғанын хабарлады. Ел билігі Үндістан азаматтық нысандарды — соның ішінде Музаффарабадтағы мешіт пен медресені атқылағанын айтады. Куәгерлер бес зымыранның тұрғын үйді қиратқанын, үш адамның сол жерде көз жұмғанын жеткізген.

Кашмирдің шекаралық бөлігінде атыс пен артиллериялық шабуылдар басталды. Үнді тарапы 13 адамның қаза тауып, 43-і жараланғанын мәлімдеді. Пәкістан жағынан кемінде 6 адам опат болды.

Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф:

«Үндістан өткен түнде жіберген өрескел қателігі үшін жауап береді», – деп мәлімдеді.

Қорғаныс министрі Хаваджа Асиф қарсы соққылар тек әскери нысандарға бағытталатынын айтты. Пәкістан қорғаныс министрлігі 5 үнді ұшағы мен дронының атып түсірілгенін хабарлады. Алайда Нью-Дели бұл мәліметті жоққа шығарды.

Қақтығысқа халықаралық реакция да білдіріліп жатыр. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Пәкістанға қолдау білдіріп, Исламабадтың сабырын жоғары бағалады. АҚШ президенті Дональд Трамп қақтығысты тоқтатуға шақырды:
«Мен оның тоқтағанын қалаймын. Егер көмектесе алсам — дайынмын», – деді.

Пәкістан өз әуе кеңістігін уақытша жапты. Үндістан да елдің солтүстік және батысындағы 21 әуежайдың жұмысын 10 мамырға дейін тоқтатты.

Сарапшылар екі ел де ауқымды соғысқа мүдделі емес деп есептейді. Бірақ саясаттанушы Удай Чандраның айтуынша, «қате есептеудің» қаупі өте жоғары.

Ресей СІМ өз азаматтарына Пәкістан мен Үндістанның Қажмир аймағына бармауға кеңес берді. Ал Қазақстан СІМ әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Air Astana әуе компаниясы Алматы – Дели бағытындағы рейстерін уақытша тоқтатты.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату