Көше атауын беру туралы бастаманы алғашқы болып Талдықорған қалалық Қарулы Күштер Ардагерлер кеңесінің өкілдері көтерген болатын. Бұл бастама тиісті ономастикалық комиссия тарапынан қолдау тапты. Атап өтсек, облыс орталығының «Шығыс» шағын ауданында орналасқан, бұрын атауы болмаған бұл көшенің ұзындығы 1,7 шақырым. Және бұл – Талдықорғанда Халық қаһарманы атағына ие адамға беріліп отырған алғашқы көше.
Мерекелік жиында алдымен көше атауы белгісі салтанатты түрде ашылды. Талдықорған әскери гарнизонының үрмелі аспаптар оркестрі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындап, атқыштар тобы салтанатты түрде аспанға оқ атты.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағанбетовтің атына көше беру - Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңындағы маңызды шараның бірі.
- Бүгінгі шара – Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған барша аға буынға халықтың көрсеткен үлкен құрметі деп білемін. Сағадат Қожахметұлы – ержүрек жауынгер ғана емес, Қазақстан Қарулы Күштерінің тізгінін ұстаған мемлекет қайраткері. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Армиясының негізін қалауға бар күш-жігерін жұмсап, өлшеусіз үлес қосты. Осындай біртуар тұлғаның әскери мұрасын зерделеу, өнегелі өмірін ұрпаққа насихаттау – біздің ортақ парызымыз, - деді Б. Исабаев.
Мұнан соң сөз алған Батырдың немересі Айжан Нұрмағамбетова жиналғандарды мерекемен құттықтап, осы игі істің басы-қасынан табылған азаматтарға ризашылығын білдірді:
- Біздің атамыз бүкіл саналы ғұмырын әскери салаға арнады. Бұл – жас ұрпақ жалғастыруға тұратын және жалғастыруы тиіс өнегелі жол. Ол үшін «парыз», «міндет» деген сөздердің маңызы ерекше еді. Сондықтан да болар, оның жалғыз ұлы алғашқылардың бірі болып Чернобыль апатының зардабын жоюға аттанды. Қазір еліміздің барлық дерлік қаласында Сағадат Нұрмағанбетовтің есімімен аталатын көшелер бар деуге болады. Қайраткер тұлғаға құрмет көрсетіп, есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында бүгінгідей іс-шараны ұйымдастырғандарыңыз үшін Қорғаныс министрлігіне, облыс әкімдігіне, барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін, - деді ол.