Мемлекет басшысы бүгінде бітіруші түлектердің 80 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырып жатқанын, ал биыл 1-сыныпқа баратын оқушылардың 70 пайыздан астамы оқуын қазақ тілінде бастайтынын атап өтті.
– Қазақстанда адамдарға тұрмыста немесе көпшілік алдында қай тілде сөйлеу керек екенін ешкімнің таңуға құқығы жоқ. Тіл мәселесін сылтауратып қоғамда жік шығарып, тұрақтылықты шайқалтқысы келетін кез келген әрекет заңмен қудаланады. Мен мұндай арандатушылардың қатарына тек ішкі пиғылы жаман адамдарды ғана емес, шетелден түрлі ұйымдардың тапсырмасымен елімізге іріткі салуға тырысатын күштерді де қосып отырмын, – деді Тоқаев.
Президент өткен жылы Ұлттық құрылтай отырысында еліміздің негізгі құндылықтарын – бірлік, патриотизм, Тәуелсіздік пен келісімді айқындағанын еске салды. Оның айтуынша, ел болу осыдан басталады.
– Тағы да ескертіп айтамын: қоғамды жікке бөліп, алауыздық тудыруға тырысқан азаматтар заң алдында жауап береді. Ал ел бірлігі жолында еңбек етіп жүргендер әрдайым құрметке ие болады, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Қазақстанға Ассамблея не үшін керек?
Қазақстан халқы Ассамблеясы – елімізде тұратын түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін біріктіретін консультативтік-кеңесші орган. "Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу" тақырыбымен өткен XXXІІІ сессия 2024 жылғы 24–25 сәуір күндері Астанада ұйымдастырылды.
Ассамблея – түрлі этнос, мәдениет пен дәстүр өкілдерін ортақ ұлттық құндылықтар төңірегінде топтастыратын маңызды қоғамдық алаң. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дмитрий Останькович айтқан болатын.
Айта кетейік, Ассамблеяның төрағасы – ел Президенті.