Алдымен 17 сәуірде Путин мен Тоқаев арасында телефон арқылы сөйлесу болғаны хабарланды. Ресми ақпарат бойынша, екі ел басшылары энергетика саласындағы ынтымақтастық пен Ресей мен АҚШ арасындағы келіссөздерді талқылаған. Одан кейін, 19 сәуірде Ресейдің энергетика министрі Тоқаевқа Путиннің "жеке хатын" табыстады.
Портников бұл әрекеттерді Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың жақында берген сұхбатымен байланыстырады. Сол сұхбатында Лавров Қазақстан президентінің пікірімен ашық түрде келіспейтінін білдірген еді.
Портников не дейді?
«Путиннің Тоқаевқа қайта-қайта хабарласып, жылы қабақ танытып отырғанының себебі Лавровтың сол сұхбатында жатыр, – дейді саясаттанушы. – Астанада бұл сөздер ескерусіз қалмауы мүмкін. Кремль де Лавровтың мәлімдемесі туғызған резонансты байқамауы мүмкін емес. Тіпті бұл сұхбат алдын ала келісілген болса да, Қазақстан тарапынан келген қатаң реакцияны Мәскеу қаламайды».
Портниковтің пікірінше, Путин Қазақстанның Қытаймен және Еуропалық Одақ елдерімен қалыптастырған қарым-қатынасын ескеруі тиіс.
«Егер Астана Лавровтың сөздерін байыппен қабылдайтын болса, бұл Ресейдің бүкіл Орталық Азиядағы ықпалына кері әсер етуі мүмкін», – дейді ол.
Айта кетейік, Лавровтың бұл мәлімдемесіне Әзербайжан да үн қатты. Minval Politika шолушысы Ресей министрінің «өз тағдырын өзі анықтау» жөніндегі сөзі Солтүстік Қазақстанға ишара секілді әсер қалдырғанын атап өтті.