Информбюроның дерегінше, банктен алған баспананы жалға беру үшін алдымен қаржы ұйымының рұқсатын алу қажет. Егер бұл талап орындалмаса, пәтер иесіне айыппұл салынады.
Заңгер Алина Шынтаеваның айтуынша, бұл жағдайда пәтерді жалға беріп, иесі пайда көріп отыр деген ұғым қалыптасады. Демек, бұл – коммерциялық табыс көзі саналады. Сондықтан, пәтерден түскен табыс үшін мемлекетке салық төлеу міндеттеледі.
"Пәтерді жалға беретін болсаңыз, сіз өзіңізге пайда көріп отырсыз. Бұл – коммерциялық түсінік. Демек, табыстан салық төлеуіңіз керек. Сондықтан бұл әрекет заңсыз болып есептеледі", – дейді заңгер.
Мамандар, әсіресе, мемлекеттік бағдарламалар арқылы алынған үйлерге қатысты мұндай заң бұзушылыққа жол бермеуге кеңес береді. Себебі ондай жағдайда, тек айыппұл ғана емес, пәтерді мемлекетке қайтарып алу қаупі де бар.