Министрлік не дейді?
Экология және табиғи ресурстар министрлігі тыйымға қатысты бірқатар түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, егер цирк немесе зообақ заң талаптарын орындамаса, мәселе сот тәртібімен шешіледі. Ал жануарларды нысаналы мақсатта пайдалануға мүмкіндік болмаған жағдайда, иелері оларды өмірінің соңына дейін бағуға немесе арнайы панажайларға өткізуге міндетті.
Алайда, министрлік қазіргі таңда ел аумағында қанша зообақ пен көшпелі цирк бар екенін нақты санамайтынын ашық айтты. Сонымен қатар, заң бұзғандарға қатысты әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген.
Жануарлар қайда?
Жаңа заңға сәйкес, жануарлар құқығын қорғауға бағытталған қоғамдық бақылау ерікті негізде жүргізіледі. Яғни, бұл міндет тек мемлекеттік органда емес, жануарлармен жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар мен белсенділерге де жүктеледі.
Мемлекет тарапынан қолдау болмағандықтан, зообақ немесе цирк кәсібімен айналысқандардың жануарлар тағдырына қатысты шешімді өздері қабылдауға мәжбүр. Бұл олардың жануарларды қайда тапсыратынына, қандай жағдайда ұстайтынына тікелей әсер етеді.