Алматылықтардың әрбір отбасы дерлік өз атасы мен әжесінің естелігін қастерлеп сақтайды – бұл қара-ақ фотосуреттер, сарғайған хаттар, жеке заттар болуы мүмкін. Біздің бейбіт күніміз үшін жанын қиған батыр ата-бабаларымыздың ерліктері, Отанына адал болған жүздеген мың қазақстандықтардың жадында мәңгілікке қалады!
Мысалы, Алматы тұрғыны Ирина Амирова өз аталарының оқиғасымен бөлісті.
«Біздің отбасымызда соғысқа екі арғы атам қатысқан. Бірі – жаяу әскер, екіншісі – сапер болған. Олар бір-бірімен таныс болмаған, бірақ олардың жолдары Жеңіске деген сенімде түйісті. Бірі аяғынан айырылып, бірақ өмірге деген сүйіспеншілікпен оралды. Екіншісі 1943 жылы Смоленск түбінде хабар-ошарсыз кеткен. Оның есімі обелискке қашап жазылған, біз жыл сайын мамырда сол жерге гүл апарамыз. Бұл екі тағдыр – соғыстың қос қыры: қаза қайғысы мен төзім. Отбасымыз олардың естелігін сақтайды, өйткені бұл бейбіт өмір бізге қандай бағамен келгенін ешкім ұмытпауы керек. Бұл – менің Жеңіс тарихым».
Тағы бір әлеуметтік желі қолданушысы Айжан Маратова атасының ағасы туралы айтып берді.
«Атамның ағасы Ленинградты жанкештілікпен қорғағандардың бірі болған. Соғыс жайлы сирек айтатын, көбіне үнсіз қалатын, ішкі жан-дүниесінде көп нәрсені жасырып жүретін. Жеңіс күні ол әрқашан сабырлы болатын. Бірақ бір жылы, бүкіл отбасымызбен қаза тапқандар ескерткішіне барғанда, оның ерні дірілдеп, көзінде жас жылтырап тұрғанын көрдім. Ол жай ғана былай деді: "Шынайы жеңіс – тек қалаларды азат етуде емес, фашизмді жеңуде емес. Жеңіс – халықтың бәрін бастан өткеріп, адамшылықтан айырылмай, аман қалғанында". Бұл сөздер мәңгі есімде қалды».
Әлеуметтік желілерде алматылықтар өздерінің ата-әжелерінің соғыс жылдарындағы оқиғаларымен белсенді бөлісуде. Дәл осы жерде ерлікпен Отанын қорғаған атақты атқыштар дивизиялары құрылған болатын.
Соғыстың алғашқы күндерінде Алматы маңында оқ ату мен қазіргі заманғы соғыс өнеріне үйрететін оқу-жаттығу алаңдары пайда болды. 1941 жылы тек Алматыдағы атқыштар-пулеметшілер училищесі ғана армияға 2429 жас офицер дайындады.
Әскерге шақырылғандар мен еріктілер қатарынан генерал-майор Иван Панфилов басқарған аты аңызға айналған 316-атқыштар дивизиясы құрылды. Бұл дивизия соғыстың шешуші шайқастарында иық тірестіре ерлік көрсетті.
1942 жылдың 13 тамызында Алматыдан майданға 100-атқыштар бригадасы аттанды. Ол алғашқы ұлттық құрамалардың бірі болды.