Дәрі-дәрмектерді міндетті таңбалау енгізілген 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап қаптамаларға 262 миллион Data Matrix белгілері салынды. Осы уақыт аралығында отандық өндірушілер шығарған 70 миллионнан астам дәрі-дәрмек айналымға енгізілді.
«Денсаулық сақтау министрлігінің, медициналық ұйымдардың және дәріханалардың негізгі ақпараттық жүйелеріне дәрілік айналымының барлық қатысушылардың интеграциясы аяқталды. Қазіргі уақытта жүйеде 19 отандық өндіруші, 130-дан астам шетелдік компания, 100 импорттаушы, 200-ден астам дистрибьютор мен дәріханалық қоймалар, 3 172 дәріхана және 1 789 медициналық ұйым жұмыс істейді», - деді Бикеш Құрманғалиева.
Қазақстанда дәріханалардың таңбаланған дәрі-дәрмектермен жұмыстарын жеңілдету мақсатында әзірленген NS Pharm мобильді қосымшасының іске қосылуына арнайы назар аударылды.
Барлық дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалау Қазақстан фармацевтикалық нарығында дәрі-дәрмектердің айналымын бақылауды жақсарту және қауіпсіздігін арттыру мақсатында енгізілді. Бұл жүйе өндірушіден соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік беріп, жалған немесе сертификатталмаған дәрілердің таралуын тоқтатуға ықпал етеді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда міндетті таңбалауға үш тауар тобы жатады: аяқ киім, темекі бұйымдары және дәрі-дәрмектер. Мотор майлары, сыра өнімдері, зергерлік бұйымдар таңбалауды пилоттық режимде сынақтан өткізіп жатыр, ал осы жылдың 28 наурызынан бастап тізімге биологиялық белсенді қоспалар енгізілді.