Бұл мемлекеттер басшыларының дәл осындай форматтағы алғашқы кездесуі емес. Президенттер 2023 жылы Шымкентте, ал 2024 жылы Хиуада бейресми жүздескен болатын. Мұндай кездесулердің тұрақты түрде өтуі — президенттердің жоғары деңгейдегі өзара түсіністігі мен сенімі қалыптасқанын көрсетеді, — деп жазды ол.
Алматыдағы келіссөз мазмұнды әрі нәтижелі өтті. Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады. Аймақтық күн тәртібі де назардан тыс қалған жоқ.
Қандайда бір келісімдерге қол қою жоспарда болмаса да, президенттер жауапты вице-премьерлер мен министрлерге бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, тауар айналымын ұлғайту, көлік қатынастарын арттыру және өңірлер арасындағы байланысты нығайту мәселелері талқыланды. Біраз тапсырманың нақты мерзімдері белгіленді. Үкімет мүшелері мемлекеттер басшыларының келесі кездесуінде жүктелген міндеттердің нәтижесі жөнінде есеп беруге тиіс, — деді Руслан Желдібай.
Президенттердің Алматыдағы жұмыс сапарының бағдарламасы іс-шараға толы болды.
Шавкат Мирзиёев Қазақстанның ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы жетістіктеріне қызығушылық танытты. Өзбек елінің басшысы AlmatyFair.ai көрмесіндегі әр стендке аялдап, түрлі IT-шешімдердің ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі сұрады. Өздеріңізге мәлім, еліміз GovTech және FinTech дамуы бойынша әлемдік көшбасшылардың санатына енеді. Астана өз тәжірибесін Ташкентпен бөлісуге дайын, — деді ол.
Мемлекеттер басшылары белгілі суретшілер Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевтың көрмесін тамашалады. Бұл символдық мәнге ие оқиға болды.
Жалпы Орал Таңсықбаевтың өмір жолында біршама қызық деректер бар. Ол — Ташкентте дүниеге келген, этникалық қазақ. Өзбекстанның бейнелеу өнерінің негізін қалаған. Оның Өзбекстан музейлеріндегі туындылары Қазақстан жұртшылығына кең көлемде алғаш рет ұсынылып отыр. Осыдан біраз бұрын аталған көрмені Өзбекстан Президентінің көмекшісі Саида Мирзиёева ашқан болатын. Бұдан біз халықтарымыздың мәдениеті ортақ екенін көреміз. Мұндай іс-шаралар сөзсіз жалғасуы керек.
Шавкат Мирзиёевтің Алматыға жұмыс сапары мазмұнды әрі табысты болды. Өзара бірлескен жоспарлар, ең бастысы, екі ел президенттерінің ерік-жігері мен қолдауы бар.
Астана мен Ташкенттің тығыз байланысы тұтас Орталық Азиядағы мемлекетаралық қатынасты нығайту мен тұрақтылықты сақтаудың қозғаушы күшіне айналып үлгерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірдегі жағдай елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың өрбуіне байланысты деп айтқаны тегін емес. Президенттердің дәстүрге айналған осындай бейресми кездесулері алдағы уақытта да шын мәніндегі бауырластық, достық және одақтастық сипаттағы қазақ-өзбек қатынастарының мән-мазмұнын байыта түсеріне сенімдімін, — деп жазды Руслан Желдібай.