Magic city
• Бұл — барлық маусымда ашық болатын көңіл көтеретін және аттракциондары бар Азиядағы аса ірі парк. 20 гектар жерді алып жатыр. Бізді қуантқаны сол, парк қоршалмаған, сондықтан кіру тегін.
Magic city ертегілердегі сарайлардан тұрады. Ал көшелері әлемнің танымал қалаларының архитектуралық стилінде салынған. Сондықтан бір дегенде Парижге де, Барселноаға да, Лондон мен Берлинге де барып келгендей болдық. Парктің ішінде мейрамхана, кафе және дүкен көп.
Чорсу базары
• Чорсу базары Ташкентте орналасқан. «Чор-су» деген атаудың өзі де «төрт жол» немесе «төрт ағын» дегенді білдіреді. Оны Ташкенттегі ғана емес, Орталық Азиядағы ең ескі базар деуге болады. Өйткені орта ғасырларда-ақ танымал болып, Ұлы Жібек жолындағы аса маңызды орын саналған.
Бұл жерде ұнаған дәмнен ауыз тию қалыпты. Сондықтан ақысын төлемей-ақ дәм татып шығып, тойып алуға болады. Базарда әбден саудаласып, тауардың әуел бастағы бағасын бірнеше есе түсіріп алып жатады. Чорсудан нағыз өзбек тақиясы мен шапаны, қолдан жасалған қобдиша және тағы басқа кәдесый сатылады.
Самарқандтағы Регистан алаңы
• Бұл Самарқандтың жүрегі. Ол бір кездері қала өмірінің орталығы болған, ал 15-17 ғасырлардағы әдемі архитектуралық ансамбль салынғаннан кейін ол оның інжу-маржанына айналды. Алаңды қоршап тұрған үш медресе: Ұлықбек, Шедрор, Тилля-қари. Олардың декоры әртүрлі, бірақ олар бірге тамаша көрінеді. Бүгінде Регистанда түрлі мәдени шаралар өтіп, туристер де келеді.
Ұлықбек обсерваториясы
• Ұлықбек бұл ғылымның негіздерін түсіндіріп, 1000-нан астам жұлдыздардың координаталарын көрсетіп, әлемдік астрономияға орасан зор үлес қосты. Оның обсерваториясы 1424 жылы Кухак төбесінде салынып, 5 жылдан кейін радиусы 40,21 м гониометрмен жабдықталады. Ғимараттың өзі үш қабатты және биіктігі 30,4 м болатын. Ұлықбек өлтірілгеннен кейін обсерватория қараусыз қалды. Ол 1908 жылы ғана табылған.
Шахи Зинда сәулет ескерткіші
• Бұл Самарқанд элитасы жерленген 14 кесенеден тұратын кешен. Ол 9 ғасыр бойы құрылды және үнемі кеңейтіліп отырды. Ансамбльді зират көшесі деп те атайды. Бірінен соң бірі созылып жатқан мешіттер мен кесенелердің көк күмбездері жоғарыдан қымбат алқаларды елестетеді. Кешеннің соңғы құрылымы - криптке кіреберіс. Кесенелерді көру үшін 36 баспалдақпен көтерілу керек.
Айтп кетелік, Өзбекстанға барудың ең жақсы уақыты – желтоқсан, наурыз және қыркүйек пен қазан айлары. Дегенмен Өзбекстнның есігі туристерге әрқашан ашық. Жаз айларында қатты ыстыққа байланысты саяхаттау ыңғайсыз болуы мүмкін, бірақ құрғақ климатта ыстыққа төзімді жандар кешкі Ташкент пен Самарқандтың әсем көріністерін тамашалауына болады.
Таксилер мен қоғамдық көліктер кондиционермен сирек жабдықталған, сондықтан жол жүру ыңғайсыз болады. Күз бен қыс мезгілінде ауа-райы ашық және құрғақ, ал температура + 15-20 ° C дейін төмендейді, бұл ұзақ серуендеуге оңтайлы. Қыста қала маңындағы шаңғы курорттарына баруға болады, бұл уақытта туристік өмір тоқтап қалмайды.
Бағалар
• Өзбекстан бойынша саяхаттау үлкен шығындарды қажет етпейді. Әйгілі Ташкент орталығындағы палаудың ең қымбат порциясы 25 000 - 30 000 сум аралығында (1100 тенгеден сәл астам), шелпек немесе самса – 7000 сум (250 теңгеден астам), шай – 2000-5000 сум (90-200 теңге аралығында). Асхана мен шайханалардағы тағам өте майлы болғанымен, арзан әрі дәмді. Қонақ үй кафелері барлық туристерге қызмет көрсетуге қуанышты, шексіз фуршет (швед столы) құны 5 доллар (2500 теңге).
• Көлікті жалға алу ең қымбатқа түседі, диапазон тәулігіне 15-20 мың теңге аралығында шығындануға тура келеді. Дегенмен шетел көліктерін алу бағасы әлде қайда жоғары. Тиімдісі такси қызметіне жүгінген дұрыс. Шығындардың екінші негізгі бөлігі – жеке экскурсиялық турлар мен гид қызметтері (күніне 15 мың).
• Қонақ үйді әлеуметтік желі немесе сайттарды қолданып брондау оңай, салыстырмалы түрде жайлы қонақ үй бағасы 10 мың теңгеден басталады, жақсы қонақүйдегі бір түннің құны 15-30 мың теңгені құрайды. Базарларда дәстүрлі сауда негізінде баға 10-20 пайызға көтеріледі. Сондықтан әрқашан сатушымен саудаласқан абзал.