Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Эпилепсиясы бар адамдар бала сүйе ала ма? ҚР ПІБ МО ауруханасының эпилептолог-дәрігері Гүлдана Жұмабаеваның жауабы

Эпилепсия – жас ерекшелігіне қарамайтын, созылмалы инфекциялық емес ми ауруы. Бұл дерттің негізгі белгісі – қайталанатын ұстамалар. Ұстама кезінде дененің белгілі бір бөлігі немесе кейде бүкіл дене қысқа уақытқа құрысып қалады, деп хабарлайды  Newsroom.kz, BAQ.KZ порталына сілтеме жасап.  

Эпилепсиясы бар адамдар бала сүйе ала ма? ҚР ПІБ МО ауруханасының эпилептолог-дәрігері Гүлдана Жұмабаеваның жауабы
baq.kz

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 50 миллионға жуық адам осы сырқатпен өмір сүреді, ал жыл сайын 5 миллионға жуық адамға осындай диагноз қойылады. Эпилепсияның пайда болу себептері қандай? Ол өмір сапасына, әсіресе бала сүйу мүмкіндігіне қалай әсер етеді? Осы және басқа да маңызды сұрақтарға ҚР ПІБ МО ауруханасының эпилептолог-дәрігері Гүлдана Жұмабаева жауап берді.  

Эпилепсияның шығу тарихы  
— Эпилепсия медицинада қашаннан бері зерттеле бастады?  
— Бұл ауруды алғаш сипаттағандардың бірі – ежелгі грек дәрігері Гиппократ. Ол эпилепсияны «қасиетті ауру» деп атап, ұстамалардың пайда болуына сыртқы факторлар әсер етеді деп болжаған.  

Эпилепсияның негізгі себептері
— Эпилепсия тұқым қуалай ма, әлде жүктілік кезінде пайда бола ма?  
— Эпилепсияның пайда болуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Ол тұқым қуалайтын генетикалық ақаулардан немесе зат алмасу бұзылыстарынан туындауы ықтимал. Сондай-ақ, жүктілік кезінде инфекция жұқтыру немесе босану кезіндегі жарақаттар да эпилепсияның дамуына әсер етуі мүмкін. Бұлар – туа біткен себептер. Ал жүре пайда болатын факторларға бассүйек-ми жарақаттары, инсульт және мидағы ісіктер жатады.  

— Жол апаты немесе ауыр жарақат эпилепсияға себеп бола ма?  
— Иә, бассүйек-ми жарақаттары эпилепсия ұстамаларының пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Жол-көлік оқиғалары немесе басқа да ауыр жарақаттар мида құрылымдық өзгерістерге алып келіп, ұстамаларды тудыруы мүмкін.  

— Ұстамалардың басты триггерлері қандай?  
— Ұйқының бұзылуы, күйзеліс, қорқыныш, қатты қобалжу, жарқыраған жарықтар, экрандағы жылдам өзгеретін бейнелер немесе қатты дыбыстар кейбір науқастарда ұстаманы қоздыруы мүмкін. Алкоголь мен есірткі ми белсенділігін бұзып, эпилепсиялық ұстамалардың жиілеуіне әкеледі. Сондай-ақ, гормоналды өзгерістер, ұзақ уақыт аш жүру немесе қандағы қант деңгейінің төмендеуі де ұстама ықтималдығын арттырады.  

Эпилепсияны емдеу мүмкін бе?
— Эпилепсия толық емделе ме?  
— Эпилепсия – созылмалы неврологиялық ауру. Басты мақсатымыз – ұстамаларды бақылау. Егер дұрыс диагностика жасалып, тиісті терапия тағайындалса, ұстамаларды тоқтатуға немесе барынша азайтуға болады.  

Қазіргі уақытта емдеудің бірнеше әдісі бар:  
1. Медикаментозды терапия – арнайы дәрі-дәрмектермен емдеу.  
2. Хирургиялық ем – күрделі операция жасау.  
3. Балама әдістер – мысалы, стимулятор имплантациясы ұстамалар жиілігін 30-50%-ға төмендете алады.  

Эпилептология орталығының қызметі  
— ҚР ПІБ МО ауруханасындағы Эпилептология орталығы туралы айтып өтсеңіз.  
— Бұл орталықта эпилепсияны кешенді түрде диагностикалау мен емдеу жүргізіледі. Біздің командамызда эпилептологтар, нейрохирургтер, функционалдық диагностика дәрігерлері, радиологтар, неврологтар және клиникалық фармакологтар жұмыс істейді. Жыл сайын орталықта 30-ға жуық күрделі операция жасалады.  

Эпилепсия және өмір сапасы  
— Эпилепсия адамның өміріне қалай әсер етеді? Отбасын құруға, бала сүюге кедергі бола ма?  
— Эпилепсия өмір сапасына әсер етуі мүмкін, бірақ дұрыс ем қабылдаған жағдайда адам толыққанды өмір сүре алады. Маңыздысы – дәрігердің нұсқауларын орындау, ұйқы режимін сақтау, күйзелісті азайту, алкогольден бас тарту және дұрыс тамақтану.  

Эпилепсиясы бар адамдар да отбасын құрып, бала сүйе алады. Ең бастысы – ауруды бақылауда ұстау және тұрақты медициналық тексеруден өту.  

— Сұхбатыңызға рақмет!  

 

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату