Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар тәркіленді

2025 жылдың басынан бері жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында 20-дан астам атыс және травматикалық қару тәркіленді. Олардың төртеуі Қаңтар оқиғасы кезінде заңсыз иемденілген, деп хабарлайды Newsroom.kz.  

Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар тәркіленді
Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тәркіленген заттардың қатарында 6 граната мен 150-ден астам түрлі калибрлі оқ-дәрі бар. Алматы қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы тергеу изоляторының қызметкерлерімен бірлесе отырып, қару жасырылған орынды анықтады. Бұл жерден 3 шолақ мылтық, 3 тапанша, 4 граната, 50-ге жуық патрон және қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ дүкенінен ұрланған карабин табылды.  

Тараз қаласында 2 шолақ мылтық пен қаңтар оқиғасы кезінде қолды болған жауынгерлік арбалет тәркіленсе, Ақтөбеде 56 патроны бар ТОЗ винтовкасы мен Ф-1 гранатасы табылды. Алматы облысында 2 қару, РГД-5 гранатасы, Калашников автоматының 20 патроны және қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 2 Макаров тапаншасы тәркіленген. Талдықорғанда жергілікті тұрғынның автокөлігінен 5 травматикалық тапанша анықталды.  

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, соңғы екі жылда заңсыз айналымнан 1000-нан астам қару тәркіленген, оның ішінде 130-ы Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған. Министрлік бұл бағыттағы жұмыстарды ерекше бақылауда ұстап отыр.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату