1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер алғаш рет шешекке қарсы вакцина жасап, адамзатты бұл қатерлі аурудан құтқарды. Осы әдіс арқылы 1979 жылы шешек толықтай жойылды.
Француз ғалымы Луи Пастер 1885 жылы микробтардың «улылығын» төмендету арқылы аурулардың алдын алуға болатынын дәлелдеді. Бұл жаңалық вакцинацияның дамуына үлкен үлес қосты.
Қазақстандағы вакцинация
Қазақстанда вакцинация денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі болып табылады. Иммундау арқылы жыл сайын шамамен 5 миллион адам, оның ішінде 1,3 миллион бала инфекциялық аурулардан қорғанады.
Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес, балалар өмірінің алғашқы күндерінен бастап түрлі инфекцияларға қарсы егіледі. Мысалы, туберкулез бен В гепатитіне қарсы вакциналар нәресте дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы күндерде салынады.
Вакцинацияның нәтижелері
Соңғы 34 жылда Қазақстанда эпидемиялық паротит 100 еседен астам (1990 жылғы 12 194 жағдайдан 2024 жылы 118 жағдайға дейін), А вирустық гепатиті 32 еседен астам (1990 жылғы 73 962 жағдайдан 2024 жылы 2 289 жағдайға дейін), В вирустық гепатиті 92 есеге (1990 жылғы 5 287 жағдайдан 2024 жылы 57 жағдайға дейін) төмендеді.
Дифтерия, қызамық сияқты аурулар бойынша бірлі-жарым жағдайлар ғана тіркеліп, полиомиелит 1996 жылдан бері, ал дифтерия 2009 жылдан бері тіркелмеген.
Вакцинациядан бас тартудың салдары
Соңғы жылдары кейбір азаматтардың вакцинациядан бас тартуы инфекциялық аурулардың қайта өршуіне әкелуде. Мысалы, 2023 жылдан бастап қызылша ауруының өршуі байқалды, бұл негізінен вакцина алмаған балалар арасында тіркелді. Сондай-ақ, көкжөтел ауруының өсуі байқалып, оның 90%-дан астамы егілмеген балаларда анықталды.
Вакцинация – қауіпті инфекциялық аурулардан қорғанудың ең тиімді әдістерінің бірі. Ата-аналар балаларын вакцинациялау арқылы олардың денсаулығын қорғап қана қоймай, қоғамдағы инфекциялардың таралуын болдырмауға да үлес қосады. Сондықтан, вакцинацияның маңыздылығын түсініп, оған жауапкершілікпен қарау қажет.